Қолданыстағы ұйғыр жазуын латынға көшіру керек- депутат
«Қазақстандық ұйғырлар қауымдастығы мемлекеттік қазақ тілін латын алфавитіне көшіру идеясының маңызды әрі заманға сай екенін ескеріп, аталған бастамаға қызу қолдау білдірді. Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру кезінде Қазақстандағы ұйғырлардың қолданысындағы ұйғыр жазуын да латын графикасына бір мезгілде көшіру қажет деп шешті. Себебі, дініміз бір, тіліміз де бір, біздің жазуымыз да ортақ болғанын, бір-бірімізді еркін оқи алғанымызды қалайтынын білдірді»,- деді Ш. Нұрымов Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, 2017 жылдың қазан айында Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы жанынан Ұйғыр жазуының латын әліпбиін жасау бойынша арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жанындағы Ұйғыртану орталығының мамандары, Алматы қаласы мен Алматы облысында ұйғыр тілінде білім беретін мектеп мұғалімдері, «Ұйғыр авази» газетінің мамандары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, журналистер, шетелдегі ұйғыр қауымдастықтарының өкілдері бас қосып, ұйғыр тілінің латын әліпбиінің мәселесі талқыланды. Нәтижесінде, ұсынылған жобалардың ішінен бес нұсқасы таңдалып алынды.
«Бұл жобалар қоғамның түрлі салаларында сынақтардан өткізілді. Ғылыми ұйымдарда өткен сараптамалар, ақпараттық технология мамандарының зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, осы жылдың 12 мамырында өткен Комиссия отырысында Қазақстандағы ұйғыр тілінің қазақ тіліндегі латын әліпбиіне бейімделген нұсқасы бекітілді. Қазақ латын графикасы негізінде бекітілген ұйғыр латын жазуы ұйғыр тілінің барлық фондық-грамматикалық жүйесінің ерекшелігіне және талабына сай келетіндіктен, жалпы халықаралық ұйғыр қауымдастығының ұйғыртанушы мамандарының ұсынған нұсқаларын ескеретіндіктен, біз бұл нұсқаны тек Қазақстанның ұйғырлары ғана емес, оның ішінде барлық ұйғыр қауымдастығы да қабылдайды деп сенеміз», - деді депутат.
Осы орайда, Ш. Нұрымов мемлекеттік тілді латын алфавитіне өткізу барысында Қазақстандағы ұйғыр тілін де латын графикасына өткізуді мемлекеттік тілмен бірге жүзе асыру керектігін атап өтті.