Көлде сырғанаған бойжеткен режімді нысанның шекарасын бұзбаған - ІІД
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі қоғам арасында талқыға түскен бейнероликке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, промо-видео туристер арасында Қазақстанның танымалдығын арттыратын құрал болып отыр.
Ал видео кейіпкері режімді нысанның шекарасын бұзбаған. Сондықтан, ол ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.
«Бұл жергілікті органдармен ақылдаса келе туристік танымалдылықты арттыру үшін түсірілген видео деп ойладым. Ішкі істер органдары Үлкен Алматы көлінің басындағы плотинаның жанынан бір посты бақылауға алған болатын. Су қоймасының өзін күзету біздің құзырымызға кірмейді. 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап Ішкі істер органдары бұл нысанды күзетуден мүлде алынып тасталды», - деді ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев.
Оның айтуынша, көлдің шекаралық аймақтарын ҚР ІІМ ҰҚК қызметкерлері күзетеді.
Айта кету керек, Үлкен Алматы көлінде мәнерлеп сырғанаған Ксения Панкартованың видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.
Бұл бейнероликті 2 апта ішінде 1 миллион адам көрген.
Әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі бойжеткеннің биі мен сырғанау мәнеріне таң қалысты. Кейбіреулер бұл видеоның Канада көлдерінде, Сібірдегі Байкал көлінде түсірілген деп топшылаған. Ал қолданушылардың кейбірі бұл видеоны заңға қайшы деп тапты. «Үлкен Алматы көлі қаланың ауыз суы резервуары болып табылады. Бұл қыз қалайша соны таптап, үстінде жүр. Шекара қызметкерлері, қарауылдар қайда? Біз енді осы суды ішеміз бе?», деген ашулы комментарийлер қалдырды.
21 жастағы мәнерлеп сырғанаушы қыз Ксения Панкратова мен құрбылары 24 қараша күні Алма-Арасан шатқалына демалуға барған. Қыздар Үлкен Алматы көлінде адам көп жиналғанын байқап, сол жаққа қарай бет алады.
Олар Үлкен Алматы көліне баруға болмайтынын білмеген.
«Біз барғанда күзет жоқ болатын. Жоғарыдан қарап тұрғанда конькиі бар адамдардың сырғанап жүргенін байқадым. Адамдар көлдің бетінде жайбарақат қыдырып жүрді. «Көлге баруға рұқсат бар ма?» деп сұрағанымызда, біреулер қыста ғана болатынын айтты. Көлге баруға болмайды деген менің ойыма кіріп-шыққан жоқ. Мен коньки киіп, шетімен жүріп көрдім. Мұздың қалыңдығын шамамен байқадым. Егер оған көзім жетпесе, сырғанамас едім», - дейді Ксения.
Әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі бойжеткеннің биі мен сырғанау мәнеріне таң қалысты. Тіпті Американдық шоу өкілдері Ксенияға хабарласып, видеосын пайдалануға рұқсат сұрады.