Көлдің жағасында табылған граната жойылды

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. Шілденің 13-і. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні СҚО ІІД-нің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің жауынгерлері Мамлют ауданының Дубровное селосына маңында Ф-1 гранатасын жойды, деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.
None
None

Шілденің 12-сі күні Мамлют аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші бөліміне Дубровное селолық округінің учаскелік полиция инспекторы телефон соғып, селодан алыс емес жерде орналасқан көлдің жағасында гранатаға ұқсас темір заттың табылғанын хабарлады. Бұл қауіпті затты 13 жастағы бала тауып алған екен. Хабар түсісімен, оқиға орнына АІІБ жедел- тергеу тобы, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің жауынгерлері келді. Гранатаны тауып алған жетінші сынып оқушысы тәртіп сақшыларына жарылғыш затты тапқан кезде қорықпай, әкесіне хабарлағанын айтты.

«Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің саперлері граната табылған жерді арнайы құралдармен толығымен тексеріп шықты. Басқа жарылғыш заттар табылған жоқ. СҚО ІІД-нің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлім командирінің орынбасары, полиция капитаны Амантай Қисатовтың айтуынша, қауіпті гранатаны тротилл шашкасын қолдану арқылы жарып, жоюға шешім қабылданды. Гранатаны жою барысында барлық қауіпсіздік шаралары қолданылып, оқиға болған жер тәртіп сақшыларымен қоршауға алынды. Граната ойдағыдай жойылды.

Тәртіп сақшыларының арнайы мақсаттағы жауынгерлері жыл басынан жарылғыш затын жоюға төртінші рет шығып отыр. Ал гранатаны жою шарасы бірінші рет тіркелді, қалған үш оқиғада жарылғыш заты табылды деген ақпарат өз дәлелін тапқан жоқ еді. Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарына: оқ-дәріні немесе басқа да күдікті заттарды тапқан кезде қажетті қауіпсіздік шараларын қолдану мақсатында бірден ішкі істер органдарына хабарлау қажеттігін айтады.

Соңғы жаңалықтар