Колесников ісі: жараланған сотталушы қайда барды, такси жүргізушісіне 100 мың теңге не үшін аударылды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкентте Василий Колесниковтың өліміне қатысты істің екінші сот отырысында жаппай төбелестен кейінгі алғашқы сағаттарда сотталушыларды көрген төрт куәгерден жауап алынды. Олар жараланған Әлихан Ерімбеттің медициналық көмекке жүгінгені, такси жүргізушісінің есепшотына 100 мың теңге аударылғаны және кейін үш адамның Ақтасқа барғаны туралы айтып берді.

Колесников ісі: жараланған сотталушы қайда барды, такси жүргізушісіне 100 мың теңге не үшін аударылды
Фото: Kazinform

Шымкентте 40 жастағы Василий Колесниковты ұрлау және өлтіру ісі бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр. Істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбінұр Қарабаев қарап жатыр. Екінші сот отырысында 20 қаңтардағы жаппай төбелестен кейінгі алғашқы сағаттарда сотталушылардың әрекетіне қатысты мән-жайлар нақтыланды.

Жараланған Әлихан Ерімбет Ордабасы ауданы Қайнар ауылындағы медициналық пунктте тексеруден өткен. Одан кейін ол Бекасыл Жұманазармен бірге Темірлан ауылындағы ауруханаға барған, кейін Шымкентте тексеруден өткен.

Кейін оларға Жанділда Қуандықов та қосылды. Үшеуін де Ташкент тасжолының бойында орналасқан Ақтас тұрғын алабына жеткізген.

«Құладым, темір зат тиіп кетті деді»: төрт-бес минуттық тексеру және рентгенге жіберу

Ордабасы ауданы Қайнар ауылының емханасының медицина қызметкері Әсел Жураеваның айтуынша, 20 қаңтарда оның ауысымы сағат 16:30–да аяқталған. Ол екі медбикемен бірге құжаттарды толтыру үшін емханада қалған. Біраз уақыттан кейін емханаға бұрын көрмеген екі ер адам келген. Олардың біреуі кабинет алдында қалған, ал Әлихан Ерімбет қабылдауға кірген. Сотта Жураева тексерген адамның дәл Ерімбет екенін растады. Ол сол жақ кеуде тұсын көрсетіп, құлағанын және оған темір зат тиіп кеткенін айтқан.

Колесников ісі: жараланған сотталушы қайда барды, такси жүргізушісіне 100 мың теңге не үшін аударылды
Фото: Kazinform

— Сол жақтағы жетінші және сегізінші қабырғалардың арасынан көлемі 7-8 миллиметр болатын жыртылған жара көрдім. Басқан кезде ауырсынатынын айтты. Қан кетпеген, жара арқылы ауа өтпеген. Шұғыл медициналық көмек қажет екенін көрсететін белгілерді байқамадым. Алайда тексерусіз ішкі ағзалардың зақымданғанын жоққа шығара алмайтын едім. Сондықтан оны кеуде қуысының шұғыл рентгеніне жібердім, — деді Әсел Жураева.

Тексеру төрт-бес минутқа созылған. Қабылдаудан кейін Ерімбет кетіп қалған. Жураева оны бұдан кейін көрмеген. Куәгер олардың қандай көлікпен келгенін және кейін қайда кеткенін білмейтінін айтты.

Алдымен куәгер олардың шамамен сағат 17:00–де келгенін айтқан. Алайда адвокат уақытты нақтылауды сұрап, кейін Ерімбет пен Бекасыл Жұманазарды Темірлан ауылына апарған такси жүргізушісі Азиз Төлтаевтың телефонындағы базалық станциялар деректеріне сілтеме жасады. Қорғаушының айтуынша, сағат 17:00 шамасында Төлтаев аталған бағытта келе жатқан.

— Сегіз айға жуық уақыт өтті, сондықтан нақты уақытын есіме түсіре алмаймын. Мүмкін, олар сағат бестен он минут бұрын немесе он минут өткенде келген шығар, — деп нақтылады Әсел Жураева.

«Оларды такси жүргізушілері жиналатын жерге жеткізіп, бірден қайттым»: Асылбек Кертай

Қорғау тарапы Әлихан Ерімбет пен Бекасыл Жұманазардың емхана маңына қашан келгенін нақтылау үшін Асылбек Кертайды сотқа шақырды. Шамамен сағат 16:30–да ол медбике болып жұмыс істейтін анасы Рабиға Абдуллаеваны емхана ғимаратының жанында күтіп тұрған. Ерімбетті тексеру кезінде оның анасы Әсел Жураеваның қасында болған. Кертай Ерімбет пен Жұманазардың емханадан шыққанын көрген. Екеуі одан Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылына жеткізуін сұраған.

Колесников ісі: жараланған сотталушы қайда барды, такси жүргізушісіне 100 мың теңге не үшін аударылды
Фото: Kazinform

— Олар әуелі көлігім бар-жоғын сұрап, кейін Темірланға дейін жеткізіп салуды өтінді. Мен анамды жұмыстан кейін күтіп тұрған едім, сондықтан ондай жерге бара алмадым. Сұр түсті ВАЗ-2115 көлігімен оларды «Мирас» дүкеніне апардым. Ол жерде такси жүргізушілері жиналады. Оларды түсіріп, бірден емханаға қайтып кеттім, — деді Асылбек Кертай.

Куәгер ер адамдарды түсіргеннен кейін бірден кеткендіктен, оларды әрі қарай кім алып кеткенін көрмеген. Сол күні ол Мақсұт Арысбаевты Ерімбет пен Жұманазардың қасында кездестірмеген.

«Төбелесіп қалдық, бірдеңе бүйіріне тиген»: Азиз Төлтаев не айтты

Асылбек Кертайдың соттағы жауабы Азиз Төлтаев нақты айта алмаған бір жайтты анықтады. Такси жүргізушісі Әлихан Ерімбет пен Бекасыл Жұманазардың «Мирас» дүкеніне сұр түсті көлікпен келгенін көрген, бірақ оның ВАЗ-2114 немесе ВАЗ-2115 болғанын ажырата алмаған. Кертай оларды өзінің сұр түсті ВАЗ-2115 көлігімен жеткізгенін растады.

Сол күні Азиз Төлтаев әкесінің орнына такси жүргізіп, Қайнар ауылы мен Шымкент арасында жолаушылар тасымалдаған. Шамамен 16:30–17:00 аралығында Ерімбет пен Жұманазар дүкеннің жанында оған келіп, қалаға жеткізіп салуын сұраған.

Колесников ісі: жараланған сотталушы қайда барды, такси жүргізушісіне 100 мың теңге не үшін аударылды
Фото: Kazinform

— Олар бұдан сәл бұрын төбелескендерін және Әлиханның бүйіріне бірдеңе тигенін айтты. Кіммен төбелескендерін түсіндірмеді. Қатты қан кетуді көрмедім. Әлихан өзін қалыпты сезінді, өзі жүріп-тұрды және медициналық мекемелерге өздігінен кіріп жүрді, — деді Азиз Төлтаев.

Алдымен олар Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылының орталық аудандық ауруханасына барған. Ерімбет пен Жұманазар ғимаратқа кірген, ал Төлтаев көлікте шамамен 30-40 минут күткен.

Ауруханадан кейін олар Шымкентке қарай бет алған. Жолда интернет арқылы Қатын көпір шағынауданындағы медициналық орталықты тапқан. Ол жерге тек Ерімбет тексерілуге кірген. Такси жүргізушісі оны 40 минуттан бір сағатқа дейін күткен. Төлтаев нақты қандай тексеру жасалғанын айта алмады. Жауап беру барысында ол МРТ, КТ және УДЗ-ны атады.

Жол бойында жолаушылар телефонмен сөйлескен. Олардың кіммен сөйлескенін және не туралы әңгімелескенін куәгер естімеген. Әңгіме барысында Мақсұт Арысбаевтың аты аталмаған. Төлтаев жолаушылардың қолында қандай да бір зат болғанын байқамаған.

Соттағы жауап алу кезінде Азиз Төлтаевтың банк шотына қатысты мәліметтер жария етілді. Оның Kaspi шотына 100 мың теңге түскен. Куәгердің айтуынша, бұл ақшаны жолаушылардың өтініші бойынша өзіне бейтаныс адам аударған.

— Ақшаны менің Kaspi шотыма аударды. Оның 13 мың теңгесіне МРТ үшін QR арқылы төледім. Содан кейін 77 мың теңгені қолма-қол алып, жолаушыларға бердім, — деді Азиз Төлтаев.

Ақшаны ол Шымкент халықаралық әуежайының жаңа терминалына бара жатқан жолда, қаланың батыс бөлігіндегі банкоматтан алған. Банк көшірмесінде сағат 19:22–де ақша алынғаны көрсетілген.

Куәгер қалған 10 мың теңгенің қалай жұмсалғанын түсіндіре алмады. Төлтаев жолаушылардың жол ақысын төлегенін де растады, бірақ нақты қанша төлегенін және қалай есеп айырысқанын айтпады. Сотта бұл төлемнің қалған ақшаға қатысы бар-жоғы анықталған жоқ.

«Әлиханның жараланғанын білмедім»: Нұрлыжан Құдайбергенов

Нұрлыжан Құдайбергенов Бекасыл Жұманазарды, Әлихан Ерімбетті, Мақсұт Арысбаевты және Жанділда Қуандықовты танитынын айтты. Куәгердің сөзінше, олардың барлығы бір ауылда өскен.

Шамамен сағат 19:00–де Жұманазар Құдайбергеновке телефон шалып, әуежай жаққа баратын жол бойына келуін сұраған. Куәгер Ордабасы ауданынан өзінің көк түсті Mercedes-Benz W210 көлігімен шыққан. Жолға шамамен 40 минут кеткен. Кездесу орнына сағат 20:00–ге аз уақыт қалғанда жеткен.

Алдымен көлікке Ерімбет пен Жұманазар отырған. Екі-үш минуттан кейін Жанділда Қуандықов жаяу келген.

Колесников ісі: жараланған сотталушы қайда барды, такси жүргізушісіне 100 мың теңге не үшін аударылды
Фото: Kazinform

— Олар мені Ақтасқа апаруымды сұрады. Жол бойында болған жағдай туралы ештеңе айтпады. Әлиханның жараланғанын білмедім. Оларды айтқан жеріне жеткіздім, кейін түнде Қайнар ауылына қайтып келдім, — деді Нұрлыжан Құдайбергенов.

Ташкент тасжолының бойындағы Ақтас тұрғын алабына дейінгі жол шамамен бір жарым сағатқа созылған. Құдайбергенов нақты мекенжайды есіне түсіре алмады, бірақ барған жерін көрсетіп бере алатынын айтты.

Жолаушылардың жағдайы оның алаңдауына себеп болмаған. Олар болған төбелес туралы ештеңе айтпаған және бұл сапарын немесе қай жерде жүргенін жасыруды сұрамаған.

Құдайбергенов шабуылдың видеожазбасын сол күні кешке Instagram-нан көрген, бірақ кадрлардан ешкімді танымаған. Келесі күні танысы оған өзі апарған ер адамдардың оқиғаға қатысы болуы мүмкін екенін айтқан. Видеоны қайта көргенімен, куәгер олардың ешқайсысын тани алмаған.

Сот 36 томдық істің жартысынан көбін зерттеді

Денсаулығына байланысты марқұмның әкесі Александр Колесников әр сот отырысына қатыса алмайды. Жәбірленуші тараптың мүддесін адвокат Талғат Есімов қорғауды жалғастырады. Колесников болмаған кезде ол сот отырыстарына қатысып, куәгерлерге сұрақ қояды.

Екінші сот отырысының соңына қарай сот 36 томнан тұратын қылмыстық істің материалдарының жартысынан көбін зерттеп үлгерді. Келесі сот отырысы 14 қыркүйекке белгіленген.

Еске салайық, негізгі сот процесі 7 қыркүйекте басталған. Бірінші күні үш жәбірленушіден және төрт куәгерден жауап алынып, төрт том іс пен екі бейнежазба зерттелді.

Қорғау тарапы сондай-ақ Александр Колесниковтың қолы қойылған, нотариалды түрде рәсімделген арызды ұсынды. Қорғау тарапы жариялаған мазмұнға қарағанда, онда сотталушылардың бірін кешіретіні және оған қатысты талап-тілегі жоқ екені жазылған.

Алдымен марқұмның әкесі мұндай құжатты есіне түсіре алмайтынын айтты. Құжатпен танысқаннан кейін ол қолтаңбасының өзіне тиесілі екенін растады, алайда арызға қашан және қандай жағдайда қол қойғанын есіне түсіре алмады.

Іс бойынша алты адам сот алдында жауап беріп жатыр, олардың бесеуі бұған дейін сотталған. Марат Дауласов іздеуде. Ал «Баха» деген атпен белгілі тағы бір болжамды сыбайластың кім екені әзірге анықталған жоқ. https://kaz.inform.kz/news/andu-zhol-apatin-adey-uyimdastiru-zhane-adam-urlau-sotta-kolesnikov-snn-zhana-ma-654528f7

Айыптау нұсқасы бойынша, 20 қаңтар күні күндіз Toyota Camry көлігі Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында Hyundai Sonata көлігімен қасақана соқтығысқан. Осыдан кейін жаппай төбелес басталып, оның барысында Мақсат Көшкенбаев пышақтан ауыр жарақаттанған.

Василий Колесниковты күштеп көлікке отырғызған. Нұрмахан Ешанқұлов оны алып кетуге кедергі жасауға тырысқан. Оның айтуынша, ол тапаншаны көріп, қорқып кеткен соң шабуыл жасағандардың бірін жұмыс пышағымен ұрған. Кейін сол адамның Әлихан Ерімбет екенін таныған. Осыдан кейін Колесниковты Ордабасы ауданының Қайнар ауылына алып кеткен.

Тергеу нұсқасы бойынша, көліктің ішінде де оны ұрып-соғу жалғасқан. Алған жарақаттарының салдарынан Василий Колесников қайтыс болған. Оның денесі Темірлан ауылындағы орталық аудандық аурухананың автотұрағына қалдырылған. Марқұмның артында екі жасар қызы қалды.

Сотталушыларға бұзақылық, Мақсат Көшкенбаевты өлтіруге оқталу, Василий Колесниковты ұрлау және өлтіру баптары бойынша айып тағылған.

Осы баптар бойынша оларға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе мүлкін тәркілеумен бірге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.