«Қолға сезілетін бейнелер» немесе саусақ ұшындағы сұлулық

«Қолға сезілетін бейнелер» жобасы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қорының ІХ республикалық әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің жеңімпазы.
Бұл шараның басты міндеттерінің бірі - мүмкіндігі шектеулі жандардың өміріне қоғамның назарын аударту.
«Қолға сезілетін бейнелер» жобасының негізгі идеясы - мүмкіншілігі шектеулі зағип балаларды Қазақстанның мүсіндік туындыларын дене түйсігі арқылы қабылдауға және ісмер зағип жандарға мүсінсаз арқылы өздері сипап түсінген бұйымдарының кескінін жасауға, өз түсінігінде қабылдаған бейнелерді бере білуге тарту арқылы олардың өміріне жаңа сипат енгізу, деп жазады «Егемен Қазақстан» республикалық басылымы.
«Шараны өткізуге суретшілер Ш.Төлеш, П.Шорохов, Ә.Жұмабай және Б.Бейілханның шеберханаларынан мүсіндік туындылары әкеліп қойылды. Бұл көрмедегі барлық экспонаттарды қолмен ұстауға, оларды жасаған материалдармен және жасалу техникасымен танысуға болады. Зағип балалардың мүсін әлемімен байланысуына және өздерін шығармашылық жолда көрсетуіне мүмкіндік туды», - дейді аталмыш жоба мен көрменің жетекшісі Гүлзира Молдашева.
Балалардың жасаған жұмыстары түпнұсқа туындылармен қатар Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы көрмесіне қойылып, каталогқа енгізіледі. Көрме 25 қарашаға дейін жалғасып, өз келушілеріне есігін айқара ашады.