«Қолы, тобығы сынған»: Өскеменде көктайғақтан 200-ге жуық адам зардап шекті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында бір апта ішінде көктайғақтан 200-ге жуық адам зардап шекті.

Соңғы күндері қалада көктайғақ қалыптасып, тұрғындарға қолайсыздық тудырған. Өткен апта ішінде көктайғақта тайып құлаған 200-ге жуық адам медицина қызметкерлеріне қаралды. Бұл туралы ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлап отыр.
- Көктайғақтан барлығы 193 адам зардап шекті. Олардың көбісінің қолы, білегі пен тобығы сынған. Сондай-ақ денесі көгеріп қалғандар да жиі кездеседі, - делінген ақпаратта.
Осы аптада да көктайғақта құлап жатқандар аз емес. Орташа есеппен алғанда күн сайын 30 адам зардап шегеді.
Дәрігерлер көктайғақта құлап қалған соң қол-аяғы ауырсынған адамдарға бірден ауруханаға келіп, қаралуға кеңес берді.
Еске салсақ, осыған дейін медициналық сақтандыру туралы жаңа заңда қандай өзгерістер болатыны жайлы жазғанбыз.