Көлігімен Бәйдібек би ескерткішін бүлдірген ОҚО тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 шілде күні түнгі сағат 1-лер шамасында «Toyota Land Cruiser 200» маркалы автокөлігі «Бәйдібек би» ескерткіші алдындағы жүргіншілерге арналған баспалдақ арқылы тұғыр алаңына дейін көтерілген. Нәтижесінде монументалды ескеркіштің алдына төселген 11 безендіру плиталары сынып, жарамсызданған. Алаң алды автокөлік шинасының іздерімен бүлінген, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.
None
None

Осы дәйек бойынша Шымкент қаласы Қаратау аудандық ішкі істер басқармасы тарапынан ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабы 1 тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлі тұлғаны анықтау мақсатында Бәйдібек би даңғылы мен оған жақын маңдағы көшелерде орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеру жұмыстары басталды. Құрылған шұғыл тергеу тобы осы көшелер бойында орналасқан АЖБ бекеттері мен сауда нүктелерінің бейнебақылау камераларының жазбаларын да тексеруді қолға алды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазығұрт ауданы Қызылқия елді мекенінің 1992 жылы туылған тұрғыны Әлімхан Момынов ұсталды. Ол өз түсініктемесінде сол күні таныстарының өтінішімен Шымкент қаласы «Шымкент-холл» тойханасында өтіп жатқан қыз ұзату тойына қатысқандығын мәлімдеді. Түнгі сағат 1-лер шамасында қалыңдық пен күйеу жігітті және олардың достарын көлігімен серуендетуге алып шыққандығын, «Бәйдібек би» монументіне келгенде жаңа таныстарының алдында мақтану ойымен көлігін баспалдақ арқылы тұғыр алаңына шыққандығын айтты. Мемлекет мүлігін бүлдіру ойында болмағандығын айтып, ақталды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ойланбай істеген ісі үшін өкінетіндігін түсіндіріп, кешірім сұрады. Бүгінде Қаратау аудандық ІІБ тарапынан Ә.Момыновтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тергелуде. Келтірілген шығын соттың шешімімен айыпталушының есебінен өндірілетін болады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов тепсе темір үзетін жас жігіттің мұндай бассыздыққа баруын ұят тірлік деп бағалап, жастар тәрбиесіне қоғам болып атсалысуға шақырды. Шымкенттің ажарының артуы, демалыс аймақтарының көптеп салынуы өзіміз үшін, жас өскіндеріміз үшін жасалып отырған дүние екендігін айтып, құндылықтарымызды сақтап, арттыруда тұрғындарымызға жоғары этикалық талаптарға сай болу мен қоғамдық мәдениеттілікті көтеру жүктеліп отырған азаматтық парыз екендігін түсіндірді.

Соңғы жаңалықтар