Көлігінің нөмірінде тудың белгісі көрінбеген ақтаулыққа айыппұл салынуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғаламторда Қазақстан туы көрсетілмеген мемлекеттік нөмірі бар Ақтау автомобилінің фотосы жарияланды. Қолданушылар полиция қызметкерлерінің шара қолданбағанына таңданыс білдірген. Ақтау әкімшілік полиция басқармасы мен мамандандырылған ХҚО хабарлауынша, ҚР ӘҚБК 590-бабының 1-бөлігіне сәйкес (Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) оқылмайтын немесе стандарт талаптары бұзыла отырып орнатылған, тiркелген көлiк құралын басқару) 5 АЕК - 10 605 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған, деп жазады lada.kz.

Көлігінің нөмірінде тудың белгісі көрінбеген ақтаулыққа айыппұл салынуы мүмкін

Мұндай нөмірлер көлік иесі және екі куәгердің қатысуымен алынуы керек, деп хабарлады әкімшілік полиция. «Жол полициясы қызметкері көлікті тоқтатқан сәтте-ақ, аталған бап бойынша көлік иесіне хаттама толтырылады.  Айыппұл төленген соң, жүргізуші әкімшілік полиция басқармасына нөмірлік белгіні өзгерту туралы өтініш жазады», - деді Маңғыстау облысы ІІД ӘПБ басшысы Ұлықбек Мылтықов.

Мамандандырылған ХҚО-ның хабарлауынша, егер нөмірлік белгіге жол-көлік апатынан зақым келсе немесе ішінара сандары өшіп қалса, көшірмесін жасату керек. «Нөмірлік белгіні қалпына келтіруде техникалық құжатты өзгертудің қажеті жоқ. Нөмір үшін қарастырылған мемлекеттік баж салығын - 5 938 теңге төлеу қажет», - деді мамандандырыған ХҚО бас маманы Арман Мұсабаев.