Көлік инфрақұрылымын дамыту - экономиканы да, қоғамды да жаңартады

Президент жолды дамыту туралы айтқанда, оның аймақтардың өзара байланысын жақсартатынын, елдің ішкі әлеуетін арттырып, облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтатынын алға тартқан болатын. Сосын күн сайын әлемге тауарын аттандыратын Қытай елінің де транзиттік бір тармағы Қазақстан үстінен өтеді. Ендеше, осындай әлеуетті дамыту ел ішінен тың нарықтар ашатыны сөзсіз.
Ал жол салу деген не, ол басқа салаларға қалай әсер етеді? Шындығында, бұл тұрғыда мемлекет жол құрылысын салушыларға ғана емес, оған қажетті құрылыс материалдарын өндіретін нысандарға, ұзыннан ұзақ жалғасатын жол бойындағы тіршілік қызметтеріне жан бітіріп, сол арқылы шағын және орта бизнеске де зор мүмкіндік туғызғалы отыр. Мысалы, мыңдаған шақырым жолдарды салу, оларды қайта қалпына келтіру және жөндеу кезінде, негізінен, Қазақстанда жасалған өнімдерді пайдалану, сондай-ақ отандық қызметтер мен жергілікті жұмысшыларды тарту жүктелгені анық. Яғни, алдағы уақытта еліміздің ірі мега-жобаларын іске асыруда «жергілікті мазмұнға», қазақстандық тауармен қамтылуға көп көңіл бөлінеді. Бұған қатысты сұранысты қанағаттандыра алатын қажетті әлеует те біздің өзімізде баршылық. Мәселен, былтыр Маңғыстауда битум зауыты іске қосылғаннан кейін елімізде автомобиль жолдарын салудағы жергілікті өнімдер үлесі 95 пайыздан асқан. Қазіргі кезде Қазақстанда битум шығаратын Павлодар мұнай-химия зауыты, Ақтаудағы «Каспий битум», Шымкенттегі «Газпромбитум» және Алматы қаласындағы «Асфальтобетон» кәсіпорындары жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы қуаттылықтары 950 мың тоннаны құрап, еліміздің ішкі қажеттілігін қанағаттандыруға толық күштері жететінін аңғартқан.
Ал жол салу саласындағы статистикалық есеп-қисапқа келсек, ірі жобаларды іске асыру үшін барлығы 42 миллион текше метр қиыршық тас (щебень), 2 миллион тонна битум, 4 миллион тонна цемент қажет екен. Осының өзі-ақ отандық өндірістің тұраламай, қайта дами түсетінін аңғартпай ма? Сол тұрғыдан алғанда Үкімет дайындап жатқан «Нұрлы жол» Қазақстанның көліктік-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін одан әрі арттырып, тұтастай экономиканың дамуына, жұмыспен қамтудың деңгейін арттыруға өз септігін тигізеді.
Бағдарламаға келсек, оның аясында Қазақстанда 17 инфрақұрылымдық жоба қамтылған, бұның 12-сі автожол саласында болса, қалған бесеуі теміржол инфрақұрылымы, теңіз порттары және Астана әуежайына қатысты.
«Елбасы Жолдауында бірінші кезектегі міндет ретінде автокөлік жолдарын салуға назар аударылды. Бұл мақсатта ең алдымен, «инфрақұрылымдық қаңқа» құрылады, ол магистралді автомобиль, теміржол және әуежолдарымен Астананы және макроөңірлерді өзара байланыстыратын болады. Осы міндетті шешу үшін автожол саласында 12 мегажоба жүзеге аспақ. 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтитын бұл мегажобалардың жалпы құны 2,4 триллион теңге», - дейді Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек. Оның айтуынша, негізгі автожолдар жобасы ретінде «Батыс Қытай - Батыс Еуропа», «Орталық - Оңтүстік», «Орталық - Шығыс», «Орталық - Батыс», «Алматы - Өскемен», «Астана - Петропавл», «Қарағанды - Жезқазған - Қызылорда», «Жезқазған - Петропавл», «Орал - Каменка», «Жетібай - Жаңаөзен» бағыттары қамтылып отыр.
Тоқтала кететін жайт, 2001 жылдан Қазақстандағы жолдарды қайта қалпына келтіріп, жаңалауға 1,8 триллион теңге инвестиция тартылған екен. Оның 73 пайызы республикалық маңыздағы жолдардың, 27 пайызы облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың үлесіне тиген. Республикалық бюджеттен қаржыландыру көрсеткіші 2007 жылдан бері 9 есе артқан екен.
Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы бұл жұмыстарды одан сайын үдетуді көздейді. Мәселен, алдағы уақытта 7,5 мың шақырымнан астам автожолдар толық қайта жаңғыртылады. Бұған 2015-2017 жылдарға арналған бюджет жобасында 707 миллиард теңге қарастырылса, 2015-2016 жылдары Ұлттық қордан қосымша 321 миллиард теңге қаражат тартылады. Бұдан бөлек, 2020 жылға дейін халықаралық қаржылық ұйымдардан шамамен 1,1 триллион теңге көлемінде заем тартылады.
Қазақстанның көліктік әлеуетін арттыратын жобаның бірі - «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» мегажобасы екені даусыз. Жалпы ұзындығы 8 мың шақырымнан асатын осы жобаның 2 мың 800 шақырымы Қазақстан аумағында жатыр. 2009 жылы қолға алынған халықаралық дәліздің қазір 1884 шақырымында жұмыс аяқталып, бірқатар учаскелер қолданысқа енген. Биылғы жылы дәліздің «Шымкент - Тараз» бағыты бойынша 144 шақырымы, «Алматы-Қорғас» учаскесіндегі 304 шақырымда жұмыстар аяқталса, жоба толықтай 2016 жылға қарай бітпек. Ендеше, біраз жылдан бері айтылып жүрген алып жобаның ел игілігіне толық жарайтын кезі де алыс емес.
Түйіндей айтқанда, «Нұрлы жол» аясындағы көлік инфрақұрылымын дамыту басқа салалардың дамуына да дем береді. Жаңа құрылыс, жаңғырған жолдар экономиканы да, қоғамды да жаңартады. Ендеше жол бойындағы қозғалысты жандандыру арқылы барша қазақстандықтардың тұрмысы мен өмір сапасы да жақсара түседі деген сөз.