Көлік полицейлері 2013 жылы заңсыз айналымнан 8 тоннаға жуық есірткі заттарын тәркіледі
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Өткен жылы Көліктегі ІІД есірткіге қатысты 257 қылмыс тіркеді. Оның ішінде есірткі құралдарын сатумен байланысты 111 және есірткі заттарын контрабандалық жолмен тасымалдауға қатысты 21 қылмыс анықталды.
Заңсыз айналымнан 7 тонна 880 келі түрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 11 келіден астамы героин, 8 тоннаға жуығы марихуана.
Мәселен, 2013 жылдың желтоқсан айында департаменттің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы, Шу стансасындағы желілік полиция бөлімі есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлерімен Қырғызстан Республикасынан Ресей Федерациясына есірткі тасымалдау арнасын анықтады. Көлік сақшылары Шу стансасындағы темір жол вокзалының перронында, «Бішкек-Свердловск» бағытындағы жолаушылар пойызына отырғызу кезінде 27 жастағы Қырғызстан Республикасының азаматын ұстады. Тексеру барысында оның жол сөмкесінен салмағы 10 келі 130 грамм героин табылып, тәркіленді. Қазір оның үстінен ҚР ҚК 259-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. (Есiрткi заттарды немесе психотроптық заттарды өткізу, дайындау, ұқсату, жөнелту мақсатында заңсыз иемденiп алуды, тасымалдауды немесе сақтауды не өткізуді, есiрткi заттарға немесе психотроптық заттарға қатысты өте iрi мөлшер).
Сондай-ақ, есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар туралы ҚР ӘҚБК 320-бабы бойынша (есірткі құралдар, психотроптық заттар мен прекурсорлармен сату мақсатынсыз заңсыз айналысу) 320 әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлады Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен.