Көлік полицейлері ағымдағы жылдың басынан бері 56 келіден аса есірткі заттарын тәркіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көліктегі ІІД-нің қызмет көрсету аумағында ағымдағы жылғы 23-27 мамыр аралығында «Допинг» жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші кезеңі өткізілуде.
Үш күн ішінде 9 қылмыстық іс пен қылмыстық теріс қылық анықталды.
Мәселен, Шу стансасындағы Желілік полиция бөлімінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімі қызметкерлері «Допинг» жедел-профилактикалық іс-шарасының барысында қызметтік-іздестіру итінің қөмегімен «Шу-Құмөзек» өткелінде Жамбыл облысы Шу қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстады.
Тексеру барысында одан өзіндік иісі бар, жасыл түсті өсімдік тектес зат табылып, тәркіленіп алынды.
Сараптама қорытындысы бойынша ол салмағы 6 келі 700 грамды құрайтын «марихуана» екендігі анықталды.
Аталған факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне ҚР ҚК-нің 296-бабы бойынша (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) тіркелді.
Қазіргі уақытта күдікті Жамбыл ст. Ішкі істер желілік басқармасының Шу стансасындағы ЖПБ-нің уақытша ұстау изоляторына отырғызылды.
Тергеу амалдары жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың басынан бері көлік полицейлері 56 келіден аса есірткі заттарын тәркіледі, соның ішінде 2,5 келісі - героин. Сонымен қатар, есірткі заттарының контрабандасына қатысты 3 факті, заңсыз тасымалдауға қатысты 7 факті анықталды.
Барлығы есірткі қылмысына қатысты 188 факті тіркелген, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.