Көлік полицейлері әріптестерін зейнеткерлікке салтанатпен шығарып салды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни, 30 желтоқсан күні ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінде ұзақ жыл жемісті еңбек еткен қызметкерлердің зейнеткерлікке шығуына байланысты салтанатты шара өтті. Олар еліміздің теміржол және әуе көлігі нысандарында құқықтық тәртіпті нығайту, қылмыстың алдын алу және қылмыспен күресу ісіне ерен еңбек сіңірді.
None
None

Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Зейнеткерлік куәлігін алғандар қатарында полиция полковнигі Шутенов Қосай Қасенұлы, полиция полковнигі Жұмабаев Марат Карабзауұлы, полиция полковнигі Айткенов Ақтан Мәдениетұлы, полиция полковнигі Шахов Андрей Викторович, полиция полковнигі Қожахметов Серік Мырзатайұлы бар.

«Сіздер өз бойларыңыздағы адамгершілік әрі іскерлік қасиеттеріңізбен өз ісінің нағыз майталманы ретінде әріптестер арасында зор абырой мен үлкен құрметке бөлендіңіздер. Ұйымдастырушылық қабілеттеріңіздің арқасында өздеріңізге жүктелген міндеттерді адал және мінсіз атқара отырып, осындай биік жетістіктерге жеттіңіздер», - деді Департамент бастығы, полиция полковнигі Ержан Сәденов.

Бұдан соң сөз алғандар да зейнеткерлікке шыққан өз әріптестеріне көп жылдық адал еңбектері үшін өз алғыстарын жеткізді.

Полиция полковнигі Шутенов Қосай Қасенұлы, ішкі істер органдарында ширек ғасырдан астам уақыт жемісті еңбек етті. Еңбек жолын Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы ІІЖБ-де сарапшы-криминалист ретінде бастап, департаменттің жедел криминалистика басқармасының бастығы қызметіне дейін жетті.

Полиция полковнигі Жұмабаев Марат Карабзауұлы, бүкіл саналы ғұмырын криминалдық полиция қызметіне арнап, еңбек жолын Есіл станциясындағы желілік полиция бөлімінде кәмелетке толмағандардың учаскелік инспекторлығынан бастап, Көліктегі ІІД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары қызметіне дейінгі 25 жыл ғұмырын осы салаға арнады.

Полиция полковнигі Айткенов Ақтан Мәдениетұлы, қызмет жолын Ақмола облысының ІІД-де ревизорлықтан бастап, ширек ғасырлық ғұмырын ІІО-дағы кіршіксіз адал қызметіне арнады.

Полиция полковнигі Шахов Андрей Викторович, 25 жыл ғұмырын құқық қорғау органдарында қызмет етуге арнады. Еңбек жолын Целиноград ауданы ІІБ-ның қарапайым өрт сөндірушісінен бастап, техникалық қызмет басқармасы бастығына дейін көтерілді.

Полиция полковнигі Кожахметов Серік Мырзатайұлы, тергеу және анықтау саласында қызмет етіп, қызмет жолын Торғай облысының ІІБ-де анықтау тобының инспекторы қызметінен бастады. Ол ішкі істер органдарында ширек ғасырдан астам уақыт қызмет атқарды.

Шара соңында Е.Сәденов зейнеткерлікке шыққан азаматтарға естелік сыйлықтарын табыс етті.

Соңғы жаңалықтар