Көлік полицейлері бірнеше ұрлық жасаған Ресей азаматын қолға түсірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Көліктегі ІІД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері теміржол вокзалдарында, әуежайлар мен жолаушылар пойыздарында жасалатын азаматтардың мүлкін ұрлауға қатысты фактілерінің жолын кесу мақсатында бірқатар кешенді іс-шаралар жүргізілуде.
Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Департаменттің қызмет көрсету аумағында, әсіресе криминогендік өңірлерінде ұдайы жедел-іздестіру шаралары өткізіліп, талдау жасалып тұрады.
Мәселен, Ақтөбе стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасына 63 жастағы азаматша шағымданып келді. Оның айтуынша «Ақтөбе-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызының вагондарының бірінде ішінде 4 мың теңгесі мен 50 АҚШ доллары салынған банк карточкасы, жеке құжаттары бар әмиянын жоғалтып алған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында аталған қылмысты жасады деген күдікпен Ақтөбе қаласында тұрып жатқан Ресей Федерациясының азаматы ұсталды. Күдікті өз қылмысын толық мойындады. Айғақ заттар табылып, алынды.
Тексеру барысында ұсталған азаматтың басқа да қылмыстарға қатысы бар екендігі анықталды. Атап айтсақ, аталған азаматтың ағымдағы жылдың 28 ақпанында «Алматы-Орал» бағытындағы жолаушылар пойызының Ақтөбе стансасында тоқтап тұрған кезінде 24 мың теңге мен құжаттарды, 27 наурызда «Орал-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызының осы стансада аялдап тұрған кезінде ұялы телефон ұрлағандығы белгілі болды.
Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.