Көлік полицейлері биылғы 5 айда 1 тоннадан астам есірткі заттарын тәркіледі
АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 26 маусым - Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні. Айтулы шараға орай, Көліктегі ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Астана станциясы теміржол вокзалының аумағында Кинологиялық орталық қызметінің көмегімен «Нашақорлыққа жол жоқ» атты арнайы акция ұйымдастырды. Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, акцияның басты мақсаты - Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күнін атап өту, салауатты өмір салтын насихаттау. Мемлекеттің тірегі болып табылатын жастарды жат қылықтардан сақтандыру, дені сау ұрпақ тәрбиелеу.
Акция барысында келген-кеткен жолаушыларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оларға буклеттер мен брошюралар таратылып, нақты кеңестер берілді. Сондай-ақ, қызметтік іздестіру иттері көліктегі теміржол нысандарында есірткі іздеу қалай жүзеге асырылатынын көрсетті.
Көлік полицейлері биылғы 5 айда 131 есірткі қылмысын анықтады. Қызметтік жұмыс нәтижелері бойынша Көліктегі ішкі істер департаменті бөліністерінің қызметі арқасында есірткі қылмысы 24 пайызға, оның ішінде сату фактісі 39 пайызға төмендеген. Есірткіні контрабандалық жолмен тасымалдаудың 11 фактісі анықталды, олардың барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Заңсыз айналымнан 1 тонна 118 келіден астам әртүрлі есірткі құралдары алынды, оның 12 келісі героин.