Көлік полицейлері Қаскелең тұрғынынан салмағы 7 келіден астам героин тәркіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың ақпан айының басында Көліктегі ІІД-нің Есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында Астана стансасының темір жол вокзалы перронында «Алматы-1-Астана» бағытындағы жолаушылар пойызынан түскен Алматы облысы, Қаскелең қаласының 28 жастағы тұрғыны ұсталды.
Одан 8 келіден астам героин тәркіленді.
Тексеру барысында оның қара түсті жол сөмкесінің ішінен ақ түсті ұнтақ тәріздес заты бар, скотчпен жабыстырылған, полиэтиленді пакет алынды. Сараптаманың қорытындысына сәйкес, оның жалпы салмағы 8 келі 446 грамм болатын аса ірі көлемдегі героин екендігі анықталды.
Тексеру кезінде күдікті есірткі затын Алматыдан Астанаға дейін темір жол көлігімен тасымалдауды жүзеге асырып, ол үшін ақшалай сыйақы алуы керек болғаны белгілі болды. Сондай-ақ, қосымша жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Алматы қаласында осы есірткі затын жөнелтуші ұсталды.
Осы факт бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігінің 1 және 3-тармақшалары, яғни есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса iрi мөлшердегі есірткі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.