Көлік полицейлері көші-қон заңнамасын бұзған 200-ден аса шетелдікті әкімшілік жауапкершілікке тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің Көші-қон полициясы басқармасы мен оның желілік бөліністерінде ағымдағы жылдың қаңтар- ақпан айларында ҚР көші-қон заңнамасын бұзуға жол бермеу және анықтау мақсатында Департаменттің қызмет көрсету аумағында көші-қон үдерістерін бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылды.

Көлік полицейлері көші-қон заңнамасын бұзған 200-ден аса шетелдікті әкімшілік жауапкершілікке тартты

Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Департаменттің көші-қон полиция басқармасының бастығы Ғани Шымырбаевтың айтуынша, жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері көші-қон заңнамасын бұзу бойынша 5 қылмыстық іс қозғады, оның -3-еуі ҚР мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өтуге (ҚР ҚК 392-бабы), 2-уі ҚР аумағынан тысқары шығарып жіберу туралы соттың шешімін орындамауға (ҚР ҚК 393-бабы) қатысты.

Мәселен, ағымдағы жылдың 18 ақпанында өткен «Қауіпсіз вокзал» жедел алдын алу шарасы барысында Астана қаласының әуежайында Астана әуежайындағы Желілік полиция бөлімі көші-қон полициясы тобының қызметкерлері 44 жастағы ҚХР азаматын ұстады. Аталған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Алматы қаласының Мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысына сәйкес ҚР аумағынан тысқары шығарып жіберу туралы шешім қабылданған болатын. Алайда, ұсталған азамат шығарып жіберу туралы сот шешімін орындамаған.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 393-бабына сәйкес (ҚР аумағынан тысқары шығарып жіберу туралы шешімді орындамау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында шетелдіктердің болу қағидаларын бұзған 268 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 180-і ТМД азаматтары, 48-і алыс шетел азаматтары.

Сот қаулысымен 36 құқық бұзушы ҚР аумағынан тысқары шығарылды (ТМД-30, АШ-6)

«Департаменттің қызмет көрсету аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, ҚР көші-қон заңнамасын бұзуға жол бермеу және заңсыз көші-қон арналары мен оларды ұйымдастырушылардың жолын кесу мақсатында таяу аралықта «Мигрант» жедел-алдын алу шарасын өткізу жоспардануда»,-деді Ғ. Шымырбаев.