Көлік полицейлері «Құқық тәртібі» шарасы барысында бұрын жасалған 11 қылмысты ашты
Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметінен хабарлады. Іс-шараны өткізуге жеке құрамнан 1026 қызметкер және 25 автокөлік тартылды.
«Жедел-алдын алу шарасын жүргізуде темір жол және әуе көлігі нысандарында патрульдеу жасақтары күшейтілді. Қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге басқа да қызмет жұмылдырылып, полицияның кешенді күштері тартылды. Сондай-ақ, аталмыш нысандарда жолаушылардың келуі мен кетуі жаппай тексерілді», - деді Көліктегі ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Садықов.
Оның айтуынша, іс-шара барысында 885 азамат құқықбұзушылықтары үшін жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 97-сі ұсақ бұзақылық жасағандар.
3 күннің ішінде есірткі заттарын заңсыз пайдаланған 22 адам жауапқа тартылды. Сондай-ақ, іс-шараны өткізу кезеңінде іздеуде жүрген 2 қылмыскер ұсталды.
Жедел алдын алу шарасы барысында 219 қылмыс тіркелді. Бұған қоса, 11 бұрын жасалған қылмыс ашылды.
19 наурыз күні Павлодар стансасындағы ІІЖБ қызметкерлері 25-28 жастағы екі азаматты ұстады. Олар ағымдағы жылдың 16 наурызында «Ақсу-2-Құркөл» темір жол өткелінде жартылай вагоннан жасырын түрде 1600 келі ФХ-850 феррохромын ұрлаған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар, қаңғыбастық және қайыршылықпен айналысатын 50 кәмелетке толмаған бала анықталып, оның 9-ы ішкі істер органдарымен Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырылды.
Қазақстан Республикасында болу ережесін бұзғаны үшін 50 шетел азаматы жауапкершілікке тартылды.