Көлік полицейлері Үштөбеде жалған ақпарат таратқан әйелді анықтады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Полиция Үштөбеде короновирусқа қатысты жалған ақпарат таратқан әйелді анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көлік полицейлері Үштөбеде жалған ақпарат таратқан әйелді анықтады

Көлік полициясына Үштөбе стансасында короновирусқа күдікті екі азаматты пойыздан түсіріп алғаны туралы жалған ақпарат таратылғаны жөнінде хабарлама 28 наурызда сағат 21.15-те келіп түскен. Оны Талдықорған көлік прокуратурасының кезекші прокуроры әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында анықтаған.

Желіде таралған аудио жазбада белгісіз әйел Үштөбе стансасында екі азаматты короновирус жұқтыруы мүмкін деген күдікпен пойыздан түсіріп алғаны туралы айтқан.

Бұл хабарлама Үштөбе стансасындағы желілік полиция бөлімінің Сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 274-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша тіркелді (Көрінеу жалған ақпарат тарату).

30 наурызда Үштөбе стансасы Желілі полиция бөлімшесі қызметкерлері 48 жастағы Үштөбе қаласының тұрғынын анықтады. Тексеру барысында әйелдің қаладағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейтіндігі белгілі болды.

Сұрау алу кезінде ол өз кінәсін мойындап, «Whatsapp» мессендджерінде жалған ақпарат таратқанын растады.