Көлік полициясы Тұңғыш Президент күніне орай үздік тергеушілер мен жедел уәкілдерді марапаттады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 29 қараша күні ІІМ Көліктегі полиция департаментінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған департамент басшылығы мен жеке құрамы және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік шара Департамент бастығы Оңал Бекеевтің құттықтау сөзімен ашылды. Ол Қазақстан Республикасының бүгінгідей тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегінің орасан екендігін айтты.
«Еліміз 1 желтоқсанда - жалпыұлттық мереке - Тұңғыш Президент күнін атап өтпек. Бұл қазақстандықтар мен ұлт Көшбасшысының бірлігін айғақтайтын, әрі Елбасы Н. Назарбаевтың сындарлы саясатын жүзеге асыруда қоғамның тұрақтылығы мен шоғырлануын нығайтуға зор ықпал ететін мереке», - деді бас көлік полицейі.
«Елбасы тәуелсіз Қазақстанның берік іргетасын қалады. Бүгінгі күні қоғамдық тәртіп, азаматтарымыздың тыныштығы мен олардың ертеңге деген сенімі полицейлердің қызметтерінің нәтижесіне тікелей байланысты. Бұл ретте, департаменттің жеке құрамы мемлекетіміздің кемел келешегі мен азаматтарымыздың, әуе және темір жол көлігі жолаушыларының қонституциялық құқықтарын қорғау жолында аянбай еңбек ететіндіктеріне сенемін», - деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі.
Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту ісінде өздерінің қызметтік міндеттерін абыроймен атқарғандары үшін 40-қа жуық көлік полицейі мен ішкі істер органдарының ардагерлері медальдармен, ҚР ІІМ министрінің және Департамент бастығының грамоталарымен марапатталды.
Олардың қатарында үздік тергеушілер, жедел уәкілдер, криминалистер мен анықтаушылар бар.
Мәселен, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы С. Омарғазинге «полиция полковнигі» атағы мерзімінен бұрын берілді. Ол қызметін 1995 жылы Семей станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің милиционері болып бастаған.
Сондай-ақ полиция майоры Р. Қабышев құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан зор үлесі үшін «Ішкі істер органдарының үздігі» ІІ-дәрежелі медалін кеудесіне тақты. Ішкі істер органдарында 15 жылға жуық еңбек еткен ол бүгін күні Нұр-Сұлтан станциясындағы желілік полиция бөлімі көші-қон қызметі бөлімшесінің бастығы.
Шара соңында Департаменттің жеке құрамы «Елбасы жолы» киноэпопеясы «От-өзен» көркем фильмін тамашалады.
