Көлік полициясының жас қызметкерлері мен олардың тәлімгерлері Астанада бас қосты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР ІІМ Көліктегі ІІД-де жас полиция қызметкерлері мен олардың тәлімгерлерінің слеті болып өтті. 

Көлік полициясының жас қызметкерлері мен олардың тәлімгерлері Астанада бас қосты

Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Шараның мақсаты - тәртіп сақшыларын кәсіби шеберлікке баулу, мамандықтың беделін көтеру, оларды ішкі істер органдарының озық дәстүрлері бағытында тәрбиелеу. Қазақстан полициясының 25 жылдығына арналған слетке ҚР ІІМ Қадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Р.Қ. Құрымбаев, ІІО ардагерлері және барлық желілік бөліністерден келген 110 жас маман мен олардың тәлімгерлері қатысты.

Ең алдымен жас қызметкерлер департамент тарихынан сыр шертетін мұражайды тамашалады. Бұдан соң мәжіліс залында слеттің салтанатты ашылуы болды.

Айтулы шараны құттықтау сөзімен ашқан Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Ренат Унарбеков Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің ішкі істер органдары қызметкерлеріне ел қауіпсіздігін қоғау, азаматтардың еркіндігі мен тыныштығын сақтау бағытында зор жауапкершілік жүктеп отырғандығын атап өтті. Сондай-ақ, ол әрбір тәлімгер мен  аға буын өкілін жас қызметкерлерге Қазақстан Республикасы заңдарын шынайы дәріптеуді үйретуге шақырды. 

Жас қызметкерлер алдында ІІО ардагерлері кәсіби шеберліктерімен бөлісті. Олар өздерінің жас әріптестеріне мықты денсаулық, бақыт пен алдағы жауапты қызметтеріне табыстар тілеп, ақ тілектерін жолдады.

Жиын барысында жас қызметкерлер де сөз сөйлеп, өздері таңдаған мамандықтары туралы пікірлерімен бөлісті. Астана қаласы әуежайындағы Ішкі істер желілік бөлімінің қызметкері полиция лейтенанты Темірлан Хамзин слетке қатысушы жас маман қызметкерлер атынан өздеріне берілген сапалы білім мен артылған сенім үшін Департамент басшылығы мен тәлімгерлер қауымына жүрекжарды алғысын айтып, алдағы уақытта қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізетіндіктерін, сол жолда аянбай еңбек ететіндерін, сөйтіп, өз ісінің нағыз кәсіби шеберлері болатындықтарына уәде берді.

Жиын барысында үздік тәлімгерлерге грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.

Жиынның салтанатты бөлімінен соң слетке қатысушылар өзінің қызметтік борышын өтеу барысында ерлікпен қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткіш  мемориалына гүл шоқтарын қойып, олардың рухтарына тағзым етті.

Слет аясында қатысушыларға «Жұлдыздар тоғысқанда» кинофильмі көрсетілді. Бұған қоса олар ҚР Тұңғыш Президенті мұражайын  тамашалап, еліміздің бас қаласы-Астананың көрнекті жерлеріне саяхат жасады.