Көлік ұрлығына қатысты халықаралық қылмыстық топ қолға түсті - ҚР ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Автокөлік құралдарын заңсыз иеленуге қатысты қылмыстардың алдын алу және ашу, оларды жасаған адамдарды анықтау мен ұстау бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында «Көлікті айдап кету» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Көлік ұрлығына қатысты халықаралық қылмыстық топ қолға түсті - ҚР ІІМ

«8-10 қазан аралығында ұйымдастырылған бұл шараға ішкі істер органдарының 6,5 мыңға жуық қызметкері тартылды. Криминалдық және әкімшілік полиция бөліністерінің қатарынан 864 жедел-іздестіру тобы құрылды»,-делінген ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің мәліметінде.

Қабылданған шаралардың арқасында бұрын жасалған 80 автоқылмыс (21 ұрлық пен 59 айдап кету), сондай-ақ «өткен жылдар» санатындағы жасалған тиісінше 2 ұрлық пен 5 айдап кету қылмыстары ашылды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД-де Өзбекстан азаматы ұсталды, ол үш автомашина ұрлығын жасағанын мойындады. Сондай-ақ Шымкент қаласы тұрғынының осыған ұқсас жеті қылмысқа қатыстылығы дәлелденді. Ұрлық және айдап кету қылмыстарын жасағаны үшін 88 адам ұсталып, олардың 83-і (оның ішінде бір топ адамдар жасаған 10 қылмыс үшін) қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бір халықаралық қылмыстық топ анықталып, олардың қылмыстық әрекетінің жолы кесілді. Мәселен, Ақтөбе облысының ІІД қызметкерлері Ресей Федерациясы Орынбор ІІБ қызметкерлерімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде Ақтөбе, Шымкент және Орынбор қалаларының үш тұрғынын ұстап, Ресей аумағында ұрланған бірнеше автокөліктерді (Нива-Шевроле және екі ВАЗ) тәркіледі. Қазіргі уақытта аталған адамдардың қылмыстық әрекетін құжаттандыру және байланыстарын анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізілуде. Сондай-ақ, іздестіруде болған 79 автомашина табылды. Автокөлік құралдарын ұрлау және айдап кету қылмыстарын жасағаны үшін іздеу жарияланған 3 қылмыскер және 2 күдікті ұсталды.