Көліктегі ІІД құрылғаннан бері қызметтік борышын өтеу кезінде 10 көлік сақшысы қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан полициясының 22 жылғы мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы ІІМ Көліктегі ІІД-де ұйымдастырылған шара «Мәңгі ұмытылмас есімдер» монументіне гүл шоқтарын қойып, ерлікпен қаза тапқан көлік сақшыларының рухына тағзым етіумен басталды. Оған жеке құрам мен бөлініс бастықтары, сондай-ақ мерекеге арнайы шақырылған ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты, деп хабарлайды Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.

Көліктегі ІІД құрылғаннан бері қызметтік борышын өтеу кезінде 10 көлік сақшысы қаза тапты

«Біз Қазақстан полициясының тасқа жазылған тарихын, дәстүрін, қызмет бабында қыршын кеткен әріптестеріміздің ержүрек батырлықтарын, сондай-ақ ардақты ардагерлеріміздің жүріп өткен сара жолын әрдайым мақтан етеміз», - деді департамент бастығы полиция полковнигі Берік Бисенқұлов шара барысында.

Өз кезегінде сөз алған ішкі істер органдарының ардагерлері де әріптестрін мерейлі мерекелерімен құттықтап, оларға мықты денсаулық, отбасылық бақыт, жауапты қызметтеріне толағай табыстар тіледі.

Шара барысында Берік Бисенқұлов айтулы мерекеге орай, қызметтік борышын адал әрі абыройлы атқарған 207 көлік полицейіне ҚР Ішкі істер министрі мен департамент басшылығының атынан алғыс хаттар және грамоталар табыс етті.

Айта кетейік, Көліктегі ІІД құрылғаннан бері қызметтік борышын өтеу кезінде 10 көлік сақшысы қаза тапты. Олар: милиция кіші сержанты Н.Е. Свиридов, қатардағы милиция Р.З. Байқошқаров, жедел уәкіл Р.П. Волошенко, милиция лейтенанты В.И. Пягай, милиция старшинасы Б.Д. Елшінбеков, милиция аға лейтенанты Ж.У. Жанәділов, милиция старшинасы В.В. Грефенштейн, милиция кіші сержанты А.Д. Кузовлев, полиция аға сержанты Р.С. Амантаев, милиция аға лейтенанты М.А. Өмірбеков.

2011 жылы Көліктегі ІІД ғимаратының алдындағы алаңда ерлікпен қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткіш ашылған болатын. Бұдан былай да ескерткіш мемориал азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында өз өмірлерін құрбан еткен ерлердің есімдерін мәңгі сақтамақ.