Көліктегі ІІД қызметкерлеріне «Мәдени мұра» бағдарламасы кеңінен түсіндірілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көліктегі ішкі істер департаментінің Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы қызметкерлерге «Қазақтың төл мәдениеті - асыл мұрамыз» атты ашық сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты - отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту.
Ашық сабақ барысында 2004 жылы ҚР Президентінің қолдауымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы жөнінде түсіндіріліп, олардың орындалуы жайлы айтылды. Мәселен, бағдарлама қабылданғаннан бері 51 тарихи және мәдени ескерткіштің жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілген. 218 нысанды қамтыған Қазақстанның тарихы, мәдени және тарихи ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі дайындалған. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Армения, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылған.
Дәріс барысында аталған ескерткіштер мен халқымыздың көне жәдігерлеріне қатысты мазмұны терең мағлұматтар берілді. Төл тарихымыз бен өзге халықтарда жоқ бай мәдениетіміздің ұрпақ тәрбиесіндегі және отбасындағы маңыздылығы жөнінде де сөз болды. Қатысушылар отбасы және моральдық этикалық, рухани құндылықтар ортаға салынған ашық сабақта өз пікірлерін қазақ тілінде барынша сауатты жеткізуге тырысты.
Сабақ соңында дәріс алушылар мәтінде кездескен етістіктерге қатысты сөйлем құрап, өткізілген тақырып төңірегінде әңгімелеп берді, деп хабарлады Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.