Көліктік бақылау комитеті Қарағандыда су көлігінде 2011 жылы жүргізген бақылау-қадағалау жұмыстарын қорытындылады

Мәжіліске Қарағанды облысы әкімдігінің, Қарағанды облысы «Нұр Отан» ХДП филиалының өкілдері, кеме иелері, жергілікті атқару және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, Балқаш қазыналық су жолдары кәсіпорны және кеме қатынасы тіркелімінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
Мәжіліс барысында 2011 жылғы навигация кезеңінде су көлігінде бақылау-қадағалау қызметі қорытындыланып, су көлігінде бақылау-қадағалау қызметтерін жүзеге асыру кезінде туындайтын мәселелер талқыланды.
Соңғы жылдары Қазақстанда кемелер санының өсу үрдісі сақталып келеді. Тек 2007 жылдан бері шағын көлемді кемелердің саны 40% немесе 8 мың бірлікке, ал теңіз кемелері 65% немесе 100 кемеге көбейді.
2011 жылғы 1 қарашаға Қазақстанда барлығы 289 теңіз, 842 өзен және 29 636 шағын көлемді кеме тіркелген.
Кемелердің жалпы санының өсуімен су көлігіндегі қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуін қадағалайтын көліктік бақылау комитеті мен оның өңірлік органдарының жұмыс ауқымы көбейді.
Осыған қарамастан, қолданылған шаралар нәтижесінде флоттағы апатты жағдайлар тұрақты деңгейде сақталып отыр. Айталық, 2011 жылы кемелерде 22 апатты жағдай мен көлік оқиғасы тіркелген, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 23 болған еді.
Есепті мерзім ішінде көліктік бақылау комитетінің инспекторлық қызметінің нәтижесінде 666 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сәйкес, 3 млн. 51 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Кемелердің командалық құрамының 102-сі кезекті аттестациядан өтіп, 117 адамға дипломдар табысталды. Шағын көлемді кемелерді басқаруға рұқсат ететін 827 куәлік берілді.
Өзен кемелеріндегі апаттардың алдын алу мақсатында штаттан тыс жағдай кезінде кеме экипажының әрекеттерін жолға қою үшін кемелерде 298 рет оқу дабылы жүргізілді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мақсатында су көлігіндегі қауіпсіз қызметті және бақылау-қадағалау қызметін жүзеге асыруды реттейтін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 14 қаулысы қабылданды.
Алдағы уақытта да құқық бұзушылық фактілерінің алдын алу мен флоттағы апаттарды болдырмау көліктік бақылау органдары жұмысының басым бағыты болып қала бермек.
Бақылауды жүйелендіру мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2011 жылдың аяғына дейін көліктік бақылау комитеті Флоттағы апаттардың алдын алу жөніндегі2012 жылға арналған іс-шаралар жоспарын дайындайды.