Қолым жыбырлап, қайшымды іздеп отырамын – маңғыстаулық шебер
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстауда 80 жасқа келсе де, әлі де іс тігетін шебер кейуана тұрады. Болар Өтебай отбасында салт-дәстүр қатаң сақталып, еңбекқорлық дәріптеледі. Бүгінде бұл – аймаққа белгілі, өсіп-өнген, өнегелі отбасылардың бірі.


Болар Өтебай 1944 жылы Түрікменстанда дүниеге келген. 1987 жылы Маңғыстауға қоныс аударды. Бүгінде 5 ұл, 3 қыздан 60-тан астам немере-шөбере сүйіп отыр.

Кейуана әлі күнге дейін іс тігеді. Айтуынша, қолөнерге бала күнінен құмар болған. Ісмерлік – әжесінен дарыған қабілет. Шебер текемет басып, алаша тоқып, тұрмысқа қажетті жабдықтардың бәрін қолдан жасайды. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық киімдерін тігеді.
- Іс тікпесем қолым жыбырлап, қайшымды іздеп, мәшінімді іздеп, отыра алмаймын. Ал тіксем, жайланамын. Менің тікпейтін затым жоқ. Таңдамаймын. Оюлы ма, тегіс тігіс пе, бәрібір. Киім тігу керек пе, көрпе-төсек пе, бәрін тіге беремін. Дастархан, сүлгілер, төсеніштерді тігемін. Балаларым ауырып қаласың деп ұрсады. Бірақ шыдай алмаймын, - дейді шебер.

Болар Өтебай Оймашы ауылында 2 ұл-келінімен бірге тұрады. Отбасында 15 шақты адам бар. Бәрі тату-тәтті. Кейуананың үлкен келіні Юлана мен кіші келіні Несіпхан қолөнерді толық меңгерген. Енді қыздарын баулып жүр.
- Үлкен әулетке ең кіші келін болып түстім. Үйренісуіме 4 жыл кетті. Осы уақытта енем маған бәрін үйретті. Сәлем салудан бастап, шәй құю, қонақ күту, бәрін меңгердім. Енем еңбекқор адам. Іс тіккенде қасында отырып, оюын ойып беріп, менің де қызығушылығым оянды. Өзімнің көйлектерімді, керек-жарақтарымды тігіп аламын. Қызым 13 жасқа толғанда, оған да үйрете бастадым. Қызым осы өнерге қызығып, дизайнерлік мамандығын оқып жатыр, - дейді Несіпхан Бағлашева.

Айта кетейік, 15 мамыр - Халықаралық отбасы күні. 1993 жылдан бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын аталып өтеді.