Қолыма қару ұстап, әскери қызметші боламын деп ойлаған жоқпын – Шынар Отарбаева

Шынар Отарбаева
Фото: Ш. Отарбаеваның жеке мұрағатынан

ОРАЛ. KAZINFORM — Ел тыныштығын сақтаудың қай кезде де маңызы зор. Бұл міндет негізінен ер адамдарға жүктелгенімен, әскери қызметшілер арасында нәзік жандылар да аз емес. Солардың бірі – ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінде клуб басшысы қызметін атқаратын лейтенант Шынар Отарбаева.

- Шынар Қайырболдықызы, ең алдымен өзіңіздің балалық шағыңызды еске алып, қандай отбасыдан түлеп ұштыңыз, сол жөнінде айтсаңыз? 

- Менің өмірімнің қатарластарымнан пәлендей өзгешелігі жоқ. 1987 жылы 25 сәуір күні Орал қаласында қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Отбасым аса үлкен деп айта алмаймын, алдымда екі ағам бар, мен үйдің кенже қызымын. Әкем Қайырболды – жиһаз жасайтын цехта қарапайым жұмысшыдан сол өндіріс орнының директоры лауазымына дейін өсіп, сол жерден зейнетке шыққан адам. Ал анам Ералия – Орал қаласындағы орта мектептердің бірінде ұстаздық етіп, қызмет атқарған.

Ең қызығы, балалық шағымда менің тәрбиеме әкем көбірек өз үлесін қосты. Себебі, анам мектепте мұғалім болғандықтан, жұмысынан келген соң, үй шаруасына кірісіп кететін. Сондықтан да менің тәрбиемді әкем өз қолына алған. Күн сайын жұмысынан шаршап келсе де, маған көңіл бөліп, еркелетіп, жас балаша ойнайтын. Сонымен қатар қысқы демалыс күндері қала сыртына шығып, әкем жерге бөтелкелер қойып, қолыма аңшы мылтығын беретін. Сол бөтелкелерді атып, дәл тигізуді үйрететін. Әр атқан кезімде мылтықтың серпінінен жерге құлап түсетінмін. Сол сәтте әкем маған: «Қанша құласаң да, қайта тұрып, дұрыс шыққанша дайындал, себебі қазіргі алған білімің саған болашақта керек болады» деп өз ақылын айтатын. Оған қоса шаңғы, коньки тебуге баулитын. Ал жазда қала сыртындағы ауылымызға барып, балық аулап, сонда тұратын атам мен әжеме көмектесіп келетінбіз.

Жалпы, өзім қаланың қызы болғандықтан, ауылдың тыныс-тіршілігімен аса көп таныс емес едім. Әкем «Өмірде болашақта бәрі керек болады» деп, мені апта сайын қала сыртында ұйымдастырылатын жәрмеңкеге апарып, үй жануарларымен таныстыратын. Қысқаша айтқанда, әкем өз білгенінің бәрін үйретіп, мені ер мінезді етіп тәрбиелеген.

Ш. Отарбаева
Фото: Ш. Отарбаеваның жеке мұрағатынан

- Ендеше, «Қыз бала әкесіне жақын болады» деген сөздің шынымен де рас болғаны ғой. Ал мектеп қабырғасында қандай шәкірт болдыңыз? 

- Иә, мектепте оқыған шағымда әкемнің маған үйреткен әрбір сабағы пайдалы болды десем, артық айтқаным емес. Өзім Оралдағы №41 гимназияда білім алдым. Мұның бір ерекшелігі, онда қарапайым сыныптар да бар еді. Мен гимназия сыныбында білім алдым. Білім ордасына аяқ басқан сәттен өнер атты керемет әлемге тартыла бастадым. Мақтанғаным емес, сыныптастарымның арасында үлгілі және үздік оқушы болдым. Мектеп қабырғасындағы көптеген іс-шараларда жүргізуші, әнші қызметін атқаратынмын. Ән салумен бірге домбыра да шертемін. Өнерге құлшынысымның арқасында қалалық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі конкурстарда бақ сынап, жүлде алдым. Бірақ бір қызығы, армандауды аса қатты ұнатпайтынмын және өзімді үлкен сахна жұлдызы ретінде елестете алмайтынмын. Дегенмен 9 сыныпты бітірген соң, Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыка колледжіне түсіп, білім алдым.

- Өзіңіз өнерді қатты жақсы көрсеңіз де, әнші боламын деп ойламадым дегеніңіз қызық екен. Сонда сіздің еңбек жолыңыз қай жерден басталды? Әскери салаға қалай келдіңіз? 

- Жалпы алғанда, музыка колледжінде оқып жүрген шағымды өмірімнің ең бір қызықты кезі деп білемін. Бірінші курстан бастап өз тобымның басшысы болып сайланып, белсенді ретінде ұстаздарымның көзіне түстім. Колледжде өнерімді байыта отырып, Орал қаласындағы жастар мәдениет үйінде жартылай жалақыға жұмысқа кіріп кеттім. Орал қаласындағы көптеген іс-шаралар менің қатысуыммен өтетін еді. Облыс басшылары қатысатын концерттерде де ән шырқайтынмын. Колледждегі оқуымды бітірген соң өнер жолынан алыстамай, жастар мәдениет үйінде вокалды инструменталды топтың әншісі болып жұмысымды жалғастыра бердім. Жоғары оқу орнында білім алып, өнер жолымды жалғастырсам деген мақсат болды. Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына түспекші едім, әкем үйдің кенже қызы болғандықтан, үлкен қалаға жібере қоймады. Алайда жұмыс жасай жүріп, Махамбет Өтемісұлы атындағы университетте сырттай оқып, жоғары білім алдым.

Өмірлік жарым әскери адам болғандықтан, бір мезетте жастар мәдениет үйіндегі жұмысымнан шығып, әскери оркестр құрамына қосылдым. Әскери сала осылайша кездейсоқ бұйырған бақ деп те айта аламын. Бастапқы кезде қарапайым қызметкер болып жұмыс жасадым. Уақыт өте келе әскери қызметкер болып орналасып алдым. Міне, биыл осы салаға келгенімен он төрт жыл толады.

Жұбайымды да айта кетейін, Мұратбек Бегімұлы Тәжібаев – «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қызметкері, подполковник. Бір үйде екі әскери қызметшіміз.

Ш. Отарбаева
Фото: Ш. Отарбаеваның жеке мұрағатынан

- Өнер әлемінен әскери салаға ауысу қиынға соққан жоқ па? 

- Барлық жұмыстың өз ерекшеліктері болады. Әрине, біршама қиындыққа тап болдым. Бастапқы кезде қарапайым сапта ұзақ уақыт тұрудың өзі мен үшін алынбайтын асудай көрінді. Себебі, әйел адам болған соң бір орында қимылсыз тұру жеңіл тиген жоқ. Сонымен қатар қару асынып, полигонға жетудің өзі ауыр жұмыс болатын. Қарумен оқ атып болған соң, оны тазалау да қиындық тудырды. Дегенмен бәріне үйреніп, дағдыландым. Жалпы, әскери саланың темірдей тәртіпті талап ететіні белгілі. Дене дайындығы өз алдына, әркім өзін тұлғалық тұрғыдан тәрбиелей білуі керек. Әр адамның өмір мектебі болады. Бір орында тұрып қалмау үшін әрдайым алға ұмтылу қажет. Адам баласының жасы ұлғайған сайын сана-сезімі, ойлау қабілеті де бірге дамиды. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп, Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, мен де өзімді тәрбиелеу және шыңдау арқылы әскери салаға тез бейімделіп кеттім.

Ш. Отарбаева
Фото: Ш. Отарбаеваның жеке мұрағатынан

- Әскери қызметіңізге қоса өз отбасыңыз бар. Бәріне уақыт жетеді ме? 

- Жетеді. Әрдайым жұмысымнан соң өзімнің ұл-қызыма көңіл бөліп, уақытымды арнай аламын. Отбасыммен бірге демалып, оларға дәмді тағамдар пісіріп, сол мерзімді мәнді өткізе аламыз. Шындығына келгенде, уақыт жоқ деген – сылтау ғана. Сондықтан да жұмыстан шаршап келсем де, өз отбасыма көңіл бөлгенді қатты ұнатамын. Әкемнің үлгісімен өз балаларыма тәрбие беруге тырысамын. Сол үшін демалыс күндері оларды қыс мезгілінде шаңғы тебуге немесе шанамен сырғанауға жетелесем, жазда міндетті түрде өзен, көлдерге шомылуға апарамын. Сондай-ақ бос уақытымда кітап оқығанды ұнатамын. Жалпы алғанда, бос уақыт жоқ деген сөз еріншек адамның сөзі деп ойлаймын. Сондықтан да, әскери саладағы қызметім менің жеке өміріме еш зиянын тигізген жоқ. Қорыта айтқанда, міндетімізді мінсіз атқарып, ұлымызды рухты, қызымызды қылықты етіп тәрбиелей білсек, одан асқан бақыт жоқ дер едім.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар