Көлік кептелісінде ұзақ тұрған Өзбекстан президенті министрді сынға алды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Жолдағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге арналған кеңесте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қалаға көлік тізгіндеп шығып, кептелісте ұзақ тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

– Халқымыз және қонақтар еліміздің жолына қарап, экономикаға баға береді. Өткен сенбі және жексенбіде көлік тізгіндедім. Мен де 15-20 минут кептелісте тұрдым. Рөлде кім отырғанын ешкім білмеді. «Маған жол ашып бер!» деп көшеге шығып, шу көтермеймін ғой. Ел қатарлы кептелісте тұрып көрдім. Кейін министрге қоңырау шалып, «өзің өтіп көр, қалай екен?!» деп сұрадым, - деді Шавкат Мирзиёев.
Өзбекстан басшысы қаладағы көлік кептелісі халықтың көңіл күйіне теріс әсер етіп жатқанын атап өтті. Тиісінше, ол Ішкі істер министрі Азиз Ташпулатовты сынға алып, мәселені шешуді тапсырды.
– Бұл мәселені шешуге бола ма?! Әрине, ешқандай кедергісіз аталған түйткілді шешуге болады, - деді Мирзиёев.

Еске салайық, Өзбекстанда жол ережесін жиі бұзатындар енді көлік басқару құқығынан айырылады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда автобус жолағына түскен көлік жүргізушілеріне айыппұл салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Былтыр мас күйінде көлік басқарған 31,3 мың өзбекстандық әкімшілік жауапқа тартылды.