Көлік контрабандасы неге тыйылмай тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Қоғам белсендісі Еркебұлан Күлбасов елімізге контрбандалық жолмен автомобиль әкелудің жолдарын атады.

— 2022 жылы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев автокөліктерді заңдастыру туралы айтқан болатын. Ең басты тапсырмасы — контрабандалық жолмен келетін автомобильдерге тыйым салу. Ол автокөліктер әлі де кіріп жатыр. Мәселен, Жапониядан келетін рулі оң жақтағы көліктер бар. Ол біздің техникалық регламентке сай келмейді. 2007 жылдан бері басқаруға тыйым салынған. Көліктер Жапониядан Ресейдің Владивосток қаласына қосалқы бөлшек ретінде әкелінеді. Одан кейін Қазақстанға еш кедергісіз жеткізіліп, азаматтарымызға сатылады. Ал көліктерді елімізде қалай басқарады? Еуразиялық экономикалық елдерінің мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып, жалған сақтандыру полисімен жүре береді. Елімізге кіріп жатқан көлік контрабандасының екінші түрі — үшінші елдің азаматтары жүргізіп келетін автомобильдер. Мәселен, Грузиядан еліміздің техникалық регламентіне сай келмейтін көліктер әкелініп, азаматтарымызға сатады. Айталық, Маңғыстау облысына көлік айдап келген үшінші елдің азаматы Ақтау қаласынан кері ұшып кетеді, — деді қоғам белсендісі Amanat партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық комиссия отырысында.
Сонымен қатар ол Қытайдан еліміздің техникалық регламентіне сай келмейтін Еуро-2, Еуро-0 стандартты автомобильдер кіріп жатқанын айтады.
— Өкінішке орай олар елімізде жеткізілгеннен кейін көлік құралының қауіпсіздігі сертификатын алады. Олардың қолына құжат болған соң Мемлекеттік кірістер комитеті оны рәсімдеуге міндетті. Техникалық реттеу және метрология комитетінен аккредитация алған мекемелер «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге барып жатыр. Елімізге әкелінген көліктер қауіпсіздік сертификатын алу үшін SOS дабыл белгісімен жабдықталуы тиіс. Мұндай дабыл белгісі жоқ көліктер үшін ақша төлесең болғаны, тексеруден өтіп кетуге болады, — деді Еркебұлан Күлбаев.
Айта кетелік елімізде мамыр айында 128 мың автокөлік есепке қойылды.