Көлік министрлігі 3 жаңа әуежайдың жобалау құжаттарын әзірлеуге кірісті

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі  3 жаңа әуежайдың жобалау құжаттарын әзірлеуге кірісті. 

Көлік министрлігі 3 жаңа әуежайдың жобалау құжаттарын әзірлеуге кірісті
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің сұрағына берген жауапта айтты.

«Үш жаңа әуежайдың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге кірістік», - деді ол. 

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Катонқарағай мен Кендірліге әуе қатынасын реттеуді тапсырған еді. 

Сондай-ақ Үкімет басшысы демалыс орындарына баратын жолдардың сапасына сын айтты.

«Қазіргі таңда кейбір демалыс орындарына жету оңай емес. Осы бағыттағы жұмыс қалай атқарылып жатыр?», - деп сұрады Олжас Бектенов.

Марат Қарабаев ұшақ арқылы қатынайтын туристерді ынталандыру үшін әуе компанияларына субсидия төлеп отырғанын атап өтті. 

«Жалпы туристік нысандар мен демалыс орындарына ерекше мән беріп отырмыз. Мысалы, авиация саласында биыл 19 маршрутқа 6,6 млрд теңге субсидия бөлінді. Осының арқасында туристік орындарға қосымша 400 мыңдай адам тасымалданды. Теміржол саласында да дәл осылай болды. Негізгі 97 бағытқа қосымша 11 бағыт қосылып, нәтижесінде 354 мың кісі қосымша тасымалданды. Автокөлік жолы да маңызды. Мысалы Алакөлге баратын «Талдықорған-Өскемен», «Үшарал-Достық» жолдардағы жұмыстар биыл толығымен аяқталды. Келер жылы да осындай жұмыс жүргізіледі. Оның ішінде Жаңаөзен-Кендірлі бағытындағы жол толығымен жөнделеді. Сондай-ақ 2025 жылы Өскемен-Рахман қайнары, Зайсан мен Марқакөл сияқты туристік нысандардың бойындағы жолдардың баршасы толық жөндеуден өтеді», - деді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар