Көлік министрлігі битум бағасын әкімшілік жолмен реттемек

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі битумның айналымын өз бақылауына алмады.

битум
Фото: caspibitum.kz

5 желтоқсанға дейін ашық талқылауға шығарылған заң жобасында осындай тетік ұсынылған.

«Автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ұлттық оператормен бірлесіп автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау кезеңінде қажетті жол битумының көлемін айқындайды», - деп жазылған құжатта.

Сондай-ақ, министрлік өзіне бағынысты басқармалар мен бөлімдер арқылы жол битумының қажеттілігіне, өндірісі мен айналымына, тасымалдау процестеріне, сондай-ақ баға динамикасына талдау жасап отыруды көздейді.

«Өкілетті орган автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау үшін қажетті жол битумының көлемін қалыптастырып, бөлу қағидаларын бекітеді.

Автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау үшін қажетті жол битумының көлемін бөлуді жүзеге асырады», - делінген заң жобасында.

Ведомство ұсынған түсініктемеге сенсек, бұл елде битумға сұраныс артқан кезеңде бағаның ретсіз құбылуына тосқауыл болады.

«Жол салып, жөндеумен айналысатын компаниялар битум бағасының күрт өсуіне және нарықтағы делдалдардың ұзақ тізбегіне байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Бұл мәселе Ресей Федерациясынан битум шығаруға тыйым салынғаннан кейін 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Қыста битум жиналады, құрылыс маусымында бағалар көтеріледі.

Салдарынан мердігерлер шығынға ұшырап, тіпті кейбір жағдайларда жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Осыған байланысты автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау кезеңінде битум бағасын белгілеу тетігін енгізу, сондай-ақ автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жол битумының көлемін біркелкі бөлу жөніндегі өкілеттік беру ұсынылады. Бұл тұтастай алғанда нарықты тұрақтандыруға мүмкіндік береді», - деп жазады министрлік мамандары.

Соңғы жаңалықтар