Көлік министрлігі мен Еуропалық инвестициялық банк ынтымақтастығын кеңейтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігінде Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Еуропалық инвестициялық банк (ЕИБ) делегациясымен кездесу өткізді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті. 

Көлік министрлігі мен Еуропалық инвестициялық банк ынтымақтастығын кеңейтеді
Фото: Көлік министрлігі

Кездесудің мақсаты — көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы бастамаларды талқылау және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау болды.

Келіссөздер барысында тараптар автомобиль жолдары саласында іске асырылып жатқан және перспективалық жобаларды қарастырды.

ЕИБ өкілдері бірлескен бастамалардың оң қарқынын атап өтіп, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыруға дайын екендерін жеткізді.

— Теміржол секторының болашақ жобаларына да ерекше назар аударылды. Аталған жобалар өткізу қабілетін арттыруға, транзиттік әлеуетті дамытуға және логистикалық бағыттарды жетілдіруге бағытталды. Сонымен қатар су көлігін дамытуға қатысты жоспарлар талқыланып, оның ішінде порт инфрақұрылымын жаңғырту және ішкі су жолдарының тиімділігін арттыру мәселелері қамтылды, — делінген хабарламада.

Тараптар әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның орнықты және бәсекеге қабілетті көлік жүйесін дамытуға ықпал ететін кешенді шешімдер әзірлеу бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Каспий теңізі арқылы контейнер тасымалын ұлғайту үшін Әзербайжаннан екі кеме сатып алынатынын Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты. Ол осы жиында Ақтау мен Құрық порттарындағы көлік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын баяндады.

Соңғы жаңалықтар