Көлік министрлігі су алған жолдар туралы: Су көлемі біз ойлағаннан жоғары болып кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басқармасы басшысы Жандос Игембаев Ақтөбе облысындағы жолдар неге көктемгі тасқындарға дайын болмай шыққанын айтты.

Су тасқыны
Фото: ҚазАвтоЖол

Әділет министрлігі заң жобалау жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы кезінде БАҚ өкілдері Көлік министрлігінің өкілдерінен Ақтөбе облысындағы жолдардың неге көктемгі тасқынға дайын болмай шыққанын сұрады.

«Қазіргі таңда республикалық маңыздағы жолдардан бөлек жергілікті деңгейдегі жолдарды да тасқын шайып жатыр. Бірақ олардың мәліметі әкімдіктер береді. Көлік министрлігіне қарасты республикалық маңыздағы жолдар туралы айтсақ, Ақтөбе облысы бойынша ғана шектеулер бар. Нақты айтсақ, Ақтөбе Ембі, Ырғыз жолдарында шектеу бердік. Осы жолдарда уақытша тоқтатып отырмыз», - деді ол.

Министрлік өкілі келесі жылы осындай жағдай қайталанбау үшін қауіпті учаскелердің тізбесі өзектендірілетінін айтады.

«Су алудың себебін форс-мажор жағдай деп бағалап отырмыз. Судың көлемі біз ойлағаннан көп жоғары болып кетті. Бұл шектеу ертеңге дейін қойылды. Келесі жолы дәл осындай форс-мажор жағдай қайталанбау үшін Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Олар бізге су алу қаупі бар учаскелердің өзектендірілген тізбесін береді. Сол тұстардың қорғанысын күшейтеміз», - деді Жандос Игембаев.