Көлік шинасын қай уақытта ауыстыру керек
АСТАНА. KAZINFORM – ҚазАвтоЖол сарапшыларының айтуынша, көптеген жүргізушілер шинаның маңызын жете бағаламайды. Алайда ол – автокөліктің жолмен жанасатын жалғыз бөлігі. Шинаның жағдайы көліктің басқарылуына, тежелу қашықтығына және жанармай шығынына тікелей әсер етеді. Ең бастысы – оның сапасы жүргізуші мен жолаушылардың өміріне қатысты.

Резеңкенің ескіруі
Уақыт өте келе шина серпінділігін жоғалтып, бетінде микрожарықтар пайда болады, ал ішкі металл корды әлсірейді. Сырт көзге бүтін көрінгенімен, жарылып кету қаупі күннен күнге арта береді.
Қызудың қауіптілігі
Суықтан ыстыққа ауысқан кезде шинаның ішкі қысымы табиғи түрде өседі. Жылдамдық пен үйкелістен қосымша қызу пайда болып, қысым критикалық деңгейге жетуі мүмкін. Артық үрленген шина көлікті басқаруды қиындатумен қатар жарылып кету қаупін тудырады.
Протектор мен жаңбырдағы қауіп
Заң бойынша протектордың ең төменгі тереңдігі – 1,6 мм. Бірақ мамандардың айтуынша, 3 мм деңгейінде-ақ дымқыл жолда ұстамдылық күрт төмендейді. Бұл су үстінде сырғанау әсерін туғызып, көлік судың бетінде сырғып, жүргізуші бақылауды жоғалтуы мүмкін.
«Грыжа» және жасырын зақымдар
Бордюрге қатты соғылу немесе терең шұңқырға түсу шинаның қаңқасын деформациялайды. Сыртта пайда болған «грыжа» – жасырын жарылу қаупін төндіреді. Жүктеме кезінде мұндай шина ескертусіз жарылады.
Әр жүргізуші есте ұстауы тиіс
-
Шинаның қысымын айына кемінде бір рет тексеріңіз;
-
Бүйірлерін (жарықтар, кесік және ісінулер) қарап отырыңыз;
-
5 жылдан асқан шиналарды протекторы терең болса да ауыстырыңыз;
-
Автокөлікті шамадан тыс жүктемеңіз және қатты соққылардан сақ болыңыз.
Мамандардың айтуынша, ең басты ереже – шиналарға үнем жасамау. Өйткені олардың жарамдылығы – жүргізуші мен жолдағы өзге де адамдардың қауіпсіздігінің кепілі.
Айта кетейік, бұған дейін жауыннан кейінгі жол неге қауіпті екенін жазғанбыз.