Көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімі қысқартылуы мүмкін бе — ІІМ жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімін қысқарту мүмкіндігіне қатысты сауалға жауап берді.

Жүргізуші куәлігі
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін қысқарту мәселесін қарастырмайды. Мұндай шешімге мас күйінде көлік жүргізу фактілерінің әлі де көп болуы себеп.

— 2023 жылы мас күйінде көлік жүргізген 22 мың жүргізушіні тоқтаттық. 2024 жылы бұл көрсеткіш 24 700-ге, ал 2025 жылы 25 300-ге жетті. Биылдың өзінде 17 100 жүргізуші анықталды. Жыл соңына дейін әлі үш айдан астам уақыт бар, әлі де ұлғаюы мүмкін, — деді ол.

Сондай-ақ ол өткен жылы мас жүргізушілердің қатысуымен 670 жол-көлік оқиғасы болып, 56 адам қаза тапқанын атап өтті.

— Біз неге сол жүргізушілер жайында ғана айта береміз? Мас жүргізушілер қағып кеткен адамдардың туыстарынан сұрап көрейік. Олар рақымшылық жасау, жазаны қысқарту немесе жеңілдету туралы ұсыныстарға қалай қарайды? Қатаң шараның өзі адамдарды тоқтата алмайды, бәрібір жүреді. Егер шараны жеңілдетсек, бұл цифр арта түседі. Ұстанымымыз өзгермейді. Көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімін қысқарту мәселесін көтермейміз, — деді ІІМ орынбасары.

Айта кетейік, жол ережесін өрескел бұзатындар жүргізуші куәлігінен 1 жылға айырылуы мүмкін.