Көлікке не адамға шатырдан қасат қар құласа, кім жауап береді
АСТАНА. KAZINFORM - Биыл қыстың жылы болуынан қаладағы көпқабатты үйлердің шатырындағы қар жылдағыдан ерте еритін сыңайлы. Ал олар көліктің не адамның үстіне түссе, не істеу керек? Қайда жүгініп, залалды қалай өндіріп алуға болады? Kazinform тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

ПИК өкілі не дейді?
Елорданың оң жағалауында орналасқан тұрғын үйлердің бірінде қыс бойы жиналған қасат қар шатырдан төменге төніп тұр. Осы үйге жауапты ПИК-ке барып, мәселенің мән-жайын сұрадық.

— Біз жұмысты бастап кеттік. Қазірдің өзінде екі нысанда жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгін бір нысанда мұз сүңгілерін қағып түсірдік. Ол үшін қауіпсіздік лентасын байлап, адамдарға ескерту керек. Кейбір адамдардың көлігі тұрады дегендей... Мына үйде, өздеріңіз көргендей мұз сүңгілері жоқ, тек қатқан қар жатыр. Оны тазалауға биікке өрмелеуге рұқсаты бар арнайы бригада жалданады. Бұл талапқа сай емес адамдардың шатырға шығуына болмайды. Мәселен, сантехник қалай шатырдағы қарды күрей алады деп ойлайсыз? Оның ондай біліктілігі жоқ. Биіктен құласа, майып болуы мүмкін. Сондықтан да арнайы мамандар алдырамыз, - дейді ПИК-тің бас инженері Павел Олекс.

Бұл үйдің іргесінде дүкен бар. Тұрғындар сол дүкенге баратын жалғыз аяқ сүрлеу жасап алған. Қауіп те осы тұста, себебі сол сүрлеудің дәл төбесінен қыс бойы нығыздалып қатқан қар төніп тұр.

«Ол құлап, біреу жарақат алса кім жауап береді?» деген сұрағымызға ПИК өкілі анық жауап бере алмады.
— Арнайы тротуар бар. Тек сонымен жүріңіздер. Айтарым осы ғана, - деп қысқа қайырды.


Қандай заң нормасымен реттеледі?
Мұндай оқыс оқиға бола қалса, қай мекеме жауапқа тартылатынын заңгерден сұрап көрдік.

— Егерде қандай да бір азаматтың үстіне үй шатырынан қар немесе мұз құлап, жарақат алған жағдайда, ең алдымен ОСИ (МИБ – мүлік иелерінің бірлестігі - ред.) немесе сол үйге қызмет көрсететін сервистік компаниялар жауап береді. Бұл нормалар Тұрғын үй қарым-қатынасы заңында және Азаматтық кодексте көрсетілген.
Кейбір жағдайда автокөліктердің үстіне мұз, қар құлап жатады. Ондай жағдайда азаматтарға айтарым, болған жағдайды полиция қызметкерлерін шақырып тіркету керек. Болмаған жағдайда, ОСИ-дің төрағасын шақырып актілеу керек. Ары қарай, егерде келісімге келмей жатса, сот арқылы шешімге келеді.
Адамның басына мұз не қар түскен жағдайда, емханаға барады. Тіркеу парағында қай жерде қалай жарақат алғаны қысқаша көрсетіледі. Ары қарай материалдық, моральдық залалды өндіруге болады, - дейді Астана қаласы Заңгерлер палатасының мүшесі Ардақ Әбеуова.

Осы мәселеге қатысты Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына да сауал жолдаған болатынбыз. Ресми жауапта шатырдағы мұз бен қарды тазалау сервистік ұйымның міндеті екені жазылған:
— «Кондоминиум объектісін басқару және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстау қағидаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 ақпандағы №108 бұйрығына сәйкес, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау құрамына, конструктивтік ерекшеліктеріне, физикалық тозу дәрежесіне және техникалық жай-күйіне байланысты, сондай-ақ орналасудың геодезиялық және табиғи-климаттық жағдайларына байланысты кондоминиум объектісінің үй маңындағы аумағының жер учаскесінің тиісті санитариялық жағдайын қамтамасыз ету (көгалдандыру (жасыл желектер мен көгалдарды отырғызу, күту, бұзу, кесу), қоқыс құбырын санитариялық тазалау, жапырақтарды, қар мен мұздақтарды, оның ішінде шатырдан тазалау) жатады.
Демек, оқыс оқиға болса, жауап беретін де сервистік компания деген сөз.

Мемлекет қалай қадағалайды?
Осы орайда тұрғын үй қатынастарын реттеуде мемлекеттің рөлі қандай деген заңды сұрақ туындайды.

— Қала деңгейінде алсақ, Астанада тұрғын үй инспекциясы бар. Солар ПИК (пәтер иелерінің кооперативі), МИБ-терді тексеріп отыруы керек. Қандай жұмыс істеліп жатыр, қандай қауіпсіздік шарасы қолға алынып жатыр дегендей. Өйткені, қазірдің өзінде күн біресе күрт жылиды, біресе қатты аяз болады. Қазір жаңадан Тұрғын үй қатынастары заңын қабылдап жатырмыз. Бұрынғы заңда кішкене кемістіктер болды. Оны мойындау керек. Өзгергенде, сол талаптарды қатайтамыз. Екіншіден, тиісті атқарушы органның да бақылау жағынан құзырын, міндетін күшейтеміз, - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов.
Мәжілісмен айтып отырған заңдағы олқылық – «шатырдан қар не мұз құлап адам жарақат алса, оған атқарушы орган да жауапты болады» деген заң нормасының жоқтығы деп топшыладық. Осындай тармақ болған жағдайда, басқармалар тұрғын үй шаруашылығын жүргізетін компаниялардың жұмысын жіті қадағалап, тақауырды күшейтер ме еді. Ал ол — талай апаттың алдын алатын амал.

7 жыл бұрынғы қайғылы оқиғалар
Бір келеңсіз жағдай кей жылдары арты-артынан болып кететіні бар. 2018 жыл ел есінде осындай оқиғаларымен қалғаны мәлім. Себебі, сол жылы шатырдан құлаған қар мен мұздың кесірінен бірнеше адам көз жұмып, елді біраз дүрбелеңге салған еді.
Мәселен, Орал қаласында басына мұз құлап, егде жастағы ер адам көз жұмған болатын. Ол қала орталығында, Карев аялдамасы маңында лента керіліп тұрғанына қарамастан, қауіпті тұстан өтіп кетпек болған. Осы сәтте төбеден мұз құлап, мойны сынады. Сол тұстан өтіп бара жатқан жедел жәрдем көлігі оқиға орнына 2 минутта келгенімен, оны құтқарып қала алмаған. Қарт кісі машинаға салып үлгергенше, қайтыс болып кеткен.
Сол жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Ақши ауданында басына кесек мұз түсіп, Ақниет Зарлық есімді 6 жасар бүлдіршін мерт болды. Ол балалармен бірге су айдауыш мұнара қасында ойнап жүрген. Кенеттен мұнара шатырынан кесек мұз құлап, басына түскен. Бала оқиға орнында қаза болған.
Одан соң Алматыда жаяу жүргіншілерге арналған жолмен келе жатқан 60 жастағы әйелдің басына мұз сүңгісі түсіп, сол жерде жан тапсырды. Қайғылы оқиға қаланың қақ ортасында, тапа-тал түсте болған.
Осындай дүркін-дүркін қайғылы оқиғалардан соң ел бойынша жаппай тексеру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік шаралары қолға алынған болатын. Ал көктем - жыл сайын келетін мезгіл. Шатырдағы қар еріп, мұз сүңгілерінің пайда болуы да әр қыстан соң қайталанатын құбылыс. Бірақ биылғы күн райы жылдағыдан ертерек қамдану керегін қазірден меңзеп тұрғандай...