Көлікті қыста қыздыруға қойылатын талап жойыла ма - ІІМ жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дмитрий Колода қысқы уақытта көлікті 5 минуттан арттық қыздырмау талабын жеңілдетуді ұсынды.

машина, авто, выхлопные газы, выхлопы
Фото: Kazinform

Кейбір заңнамалық актілерге жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген заң жобасын талқылау барысында депутат Ішкі істер министрлігіне аталған мәселеге қатысты сауал жолдады.

- Бір жыл бұрын қоғамда көлікті қыздырғаны үшін айыппұл салу нормасы қызу талқыға түсті. Ал мына заң жобасында біз қысқы уақытта елді мекендерде көлікті қыздыруға тыйымды толық алып тастауды ұсындық. Бұл ретте тиісті белгімен белгіленген тұрғын аймақтарда тыйым сақталады. Сіз бұл ұсынысқа қалай қарайсыз, - деп сұрады депутат.

Сауалға жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов ведомство аталған бастаманы қолдайтындығын мәлімдеді.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.