Колледждерді ірі бизнеске сенімгерлік басқаруға беру тетігі қайта қаралады
АСТАНА. KAZINFORM – 2030 жылға қарай еліміздегі 30 колледж халықаралық салалық аккредиттеуден өтеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.
«Ерекше атап өткім келетіні, қазірдің өзінде халықаралық стандарттар енгізілген елімізде алты колледж бар. Олардың түлектері мамандықтар бойынша сертификаттаудан өтіп жатыр. Мәселен, Атыраудағы APEC PetroTechnic колледжінде мұнай-газ саласы бойынша, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде құрылыс саласында білім берудің халықаралық стандарты енгізілген. Бұл колледждің сертификатталған түлектері бізде де, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Биыл, жыл соңына дейін 5 колледжді аккредиттеуден өткізу жоспарланып отыр. 2030 жылға қарай еліміздегі 30 колледж халықаралық салалық аккредиттеуден өтеді. Бұл өз кезегінде әлемдік стандарттар бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік береді», - деді Ғ. Бейсембаев.
Сонымен қатар министр техникалық және кәсіптік білім мен жоғары оқу орындары бағдарламаларының сабақтастығы қамтамасыз етілетінін айтты.
Бұдан бөлек ол педагогтердің әлеуетін көтеру тақырыбына тоқталды. Осыған орай педагогтер үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің үздік кәсіптік білім беру ұйымдарында халықаралық тәжірибеден өту мүмкіндігі кеңейтіледі. Мұнымен қоса, қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыру арқылы саланың үздік мамандарын техникалық және кәсіптік білім қызметіне тарту жоспарланған. Педагогтердің кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуін енгізу және өнеркәсіптен мамандарды тарту көзделген.
«Түлектерді сертификаттауға тоқталсақ, қазір міндетті сертификаттау реттелетін мамандықтар бойынша жүзеге асырылады. Бұл сертификаттау уәкілетті органдармен ұйымдастырылады және реттелмейтін мамандықтар бойынша тәуелсіз сертификаттау жүргізіледі. Трансформация аясында барлық мамандық түрлері үшін тәуелсіз сертификаттау жүйесін құру қарастырылған. Бұл жағдайда біз тек түлектің білімі мен дағдыларын бағалап қана қоймай, білім беру ұйымдарының өздерін де бағалайтын боламыз», - деді ведомство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, бизнеспен ынтымақтастық жалғасып, колледждерді салалық көшбасшылар бірігетін индустриялық алаңға айналдыру көзделген. Инфрақұрылымды дамытуды, білім ұйымының профилі мен контингентін сақтауды және инвестициялауды міндеттей отырып, колледждерді ірі және орта бизнеске сенімгерлік басқаруға беру тетігі қайта қаралатын болады.
«Сенімгерлік басқаруға берудің тиімді механизмінің бірі ретінде Қостанай облысындағы «ALLUR» компаниясының өңірдегі автокөлік колледжіне шефтік қамқорлық аясындағы нұсқасын қарастыруға болады. Бұл механизмнің ерекшеліктеріне тоқталсақ, материалдық техникалық базаны нығайтады, инновациялық өндірістік технологиялармен қамтылған практика базаларына тұрақты қол жеткізеді, білім беру процесін жақсартады, түлектерді жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейтеді. Нәтижесінде, сенімгерлік басқару колледждерді ең соңғы заманауи құрылғылармен жабдықтап, студенттерді кәсіпорындар өтінімімен мақсатты мемлекеттік тапсырыс аясында оқыту көзделіп отыр», - деді ол.