Колледждердің рейтингі мемлекеттік тапсырыс құрудың негізіне айналады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Колледждердің рейтингі мемлекеттік тапсырыс құрудың негізіне айналады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Енді колледждердің міндетіне тоқталсақ, бізге профилизация қажет. «Атамекен» ҰКП келесі жылдан бастап жоғары білімдегідей колледждердің рейтингін іске қосады. Ол нарық талаптарын ескере отырып, мемлекеттік тапсырысты құру, білім беру бағдарламаларын түзету үшін негізге айналады», - деді министр.
Оның дерегінше, техникалық және кәсіби білімнің 109 қайталанатын және қажетсіз мамандығы қысқарған. Нәтижесінде 66 бейін өзгеріп, 20 колледж біріктірілген. 477 колледждің 467-сі қалған.
«Бұл жұмыстарды түлектердің жұмысқа орналасуын негізге ала отырып жалғастыратын боламыз. Дұрыс білім бермейтін, нәтижесінде түлектері жұмысқа орналаса алмайтын колледждердің лицензияларын қайта қарау қажет», - деді Ерлан Сағадиев.
Министрдің айтуынша, техникалық және кәсіби білім қызметкерлерінің мәртебесін арттыру үшін 2020 жылдан бастап орта білім берудегідей Ұлттық біліктілік сынағын енгізу жоспарланып отыр.