Коллекторлардың құқығы мен міндеттері қандай
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Коллекторлық қызмет – қаржы нарығында қарызды сотқа жеткізбей өндіріп алу және қарыз алушы мен кредитор арасындағы қаржылық қатынастарды реттеудің заңды құралы. Сондықтан коллекторлық агенттіктердің құқықтары мен міндеттері туралы білу маңызды.
Коллекторлар кімдер, олар қандай жағдайда әрекет етеді және қарыз алушылардың құқықтары қандай? Бұл сұрақтарға Солтүстік Қазақстан облысы адвокаттар алқасының адвокаты Ольга Гаврик жауап берді.
- Коллектор деген кім және кім коллектор бола алады?
- Коллекторлық агенттік – бұл заңды тұлға. Коллекторлық қызметпен айналысу үшін компания мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өткен күннен бастап үш ай ішінде Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы арқылы есептік тіркеуден өтуі тиіс.
Есептік тіркеуден өткен коллекторлық агенттіктердің тізілімі уәкілетті органның - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің интернет-ресурсында жарияланған.
Коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілмеген заңды тұлға коллекторлық қызметті жүзеге асыруға, өзін коллекторлық қызметпен айналысатын ұйым ретінде таныстыруға, сондай-ақ өз атауында «коллекторлық агенттік» деген сөздерді немесе осы қызметті жүзеге асыратынын білдіретін сөздерді қолдануға құқы жоқ.
Егер де қоңырау шалып, өзін коллекторлық агенттік қызметкері ретінде таныстырса, ұйым туралы барлық деректерді жазып алыңыз. Коллекторлық қызмет туралы заңның 5-бабының 2-тармағының 1-тармақшасына сәйкес агенттік қызметкері әрбір байланыс кезінде борышкерге өзі жұмыс істейтін ұйымның атын, оның тізілімдегі нөмірін және мекенжайын хабарлауға міндетті. Бұл деректі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сайтының «Басқа қаржы ұйымдары» / «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімдері» бөлімінде тексере аласыз. Егер компания қолданыстағы коллекторлық агенттіктер тізімінде болса, онда ол заңды түрде жұмыс істеп отыр. Ал егер тізілімде болмаса, сіз оларға қайта қоңырау шалмауын талап етуге құқылысыз.
- Коллекторлық агенттіктер қандай қызмет көрсетеді?
- Коллекторлық қызмет кредитор мен коллекторлық агенттік арасында жасалған келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. Бұл келісімшарт бойынша коллекторлар кредиторға қарызды сотқа жеткізбей өндіріп алуға көмектеседі, қарызды реттеу жұмыстарын жүргізеді және қарызға қатысты қажетті ақпараттарды жинайды.
Коллекторлық агенттік тек белгілі бір жағдайда ғана жұмысқа тартылады. Яғни қарыз алушы банктен немесе микрокредит ұйымынан алған несиесін уақытында төлемей кешіктірсе және келісімшартта кредитордың коллекторлық агенттікті тартуға құқығы көрсетілсе ғана коллекторлар іске кірісе алады.
Сондықтан әр азамат несиелік келісімшартын қарап, онда банкке коллекторлық агенттікті тартуға рұқсат беретін тармақ бар ма, жоқ па, соны тексергені дұрыс.
Егер келісімшартта мұндай тармақ болмаса, онда уәкілетті органға — Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіруге болады.
Заң бойынша коллекторлық агенттік қарызды өндіріп алу қызметін кемінде алты ай, ал ең көбі бес жыл ғана жүргізе алады.
Сондықтан егер сізге коллекторлар хабарласса, өз қарызыңызға қатысты барлық құжатты талап етуге құқылысыз. Оның ішінде кредитор мен коллекторлық агенттік арасында жасалған келісімшарт та болуы керек. Сонымен қатар келісімшарттың жасалған күніне назар аударыңыз. Егер ол бес жылдан асып кетсе, коллекторлық агенттіктің қарызды өндіріп алуға құқы жоқ.
- Коллекторлар не істеуге құқылы, олардың байланыс жасау тәртібі қандай?
- Коллекторлық агенттіктің қызметкерлері борышкердің өзімен, оның өкілдерімен, қосалқы қарыз алушылармен және кепілгерлермен қарызды өндіріп алу туралы сөйлесе алады. Кредит шартында көрсетілсе, олар туыстарына, әріптестеріне немесе кредитке қатысы жоқ басқа адамдарға борышкердің байланыс деректерін білу үшін хабарласуы мүмкін.
Коллекторлар борышкермен бірнеше тәсіл арқылы байланыса алады. Атап айтқанда, олар өздерінің ресми телефон нөмірлері арқылы қоңырау шала алады, борышкермен жеке кездесу өткізуі мүмкін, пошта арқылы жазбаша хабарлама жібере алады. Егер борышкер жеке тұлға болса, мұндай хаттар оның тұрғылықты мекенжайына жіберіледі, ал заңды тұлға болған жағдайда оның орналасқан жеріне немесе нақты мекенжайына жолданады. Сонымен қатар коллекторлар ұялы байланыс арқылы мәтіндік немесе дауыстық хабарламалар жіберуге, сондай-ақ интернет желісі арқылы, мысалы электрондық пошта арқылы да байланысуға құқылы.
Дегенмен әрбір қоңырау шалған кезде немесе хабарлама жіберген кезде коллекторлық агенттік міндетті түрде өзі туралы толық ақпарат беруі тиіс. Яғни коллекторлық агенттіктің атауын, орналасқан жерін, борышкермен байланысқа шығып отырған қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (жеке куәлігінде көрсетілген болса) мен лауазымын, сондай-ақ қай кредитордың атынан хабарласып отырғанын айтуы қажет.
Сонымен қатар заңнамада коллекторлардың борышкермен байланысуына уақыт бойынша да шектеулер белгіленген. Олар борышкермен тек жұмыс күндері таңғы сағат 08:00-ден кешкі 21:00-ге дейін ғана хабарласа алады.
Коллекторлық агенттіктің бастамасымен жеке кездесулер аптасына үш реттен аспауы тиіс және күніне бір реттен артық өткізілуіне жол берілмейді. Мұндай кездесулер борышкердің тұрғылықты жерінде, орналасқан жерінде, тіркелген мекенжайында немесе коллекторлық агенттіктің кеңсесінде ұйымдастырылуы мүмкін.
Телефон арқылы сөйлесу де осы уақыт аралығында жүргізіледі және коллекторлық агенттікке аптасына үш реттен артық қоңырау шалуға рұқсат етілмейді.
- Коллекторларға не істеуге тыйым салынған?
- Коллекторларға қарыз туралы ақпаратты борышкердің жазбаша келісімінсіз жария етуге, тыйым салынған. Сондай-ақ олар қарыз мөлшері туралы жалған ақпарат бермеуі тиіс, мысалы, қарыз сомасын әдейі көбейтіп айту заңға қайшы.
Бұдан бөлек, коллекторларға борышкерге қатысты күш қолдануға, оның мүлкіне зиян келтіруге, қорлауға, қорқытуға, бопсалауға немесе адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасауға қатаң тыйым салынады. Мұндай әрекеттердің барлығы - заңсыз.
Бұған дейін Ақмола облысы адвокаттар алқасының адвокаты Нұрлан Жаңабаевтың алашақты өндіріп алуға қатысты кеңесін жазған едік.