Қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесі 86-90 пайыз шамасында болады - Берік Шолпанқұлов
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесіне қатысты түсінік берді.

- Қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесі өсе береді. Қазір бәрі қолма-қол ақшасыз, электронды аударымға көшіп жатыр. Бұл тұрғыда оның үлесі 86-90 пайыз шамасында болады деп ойлаймын, - деді Б. Шолпанқұлов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске салсақ, жақында Қазақстан Ұлттық банкі «Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту туралы» (ҰЦҚИ) жылдық есебін жариялады.
Қазір елдің барлық төлем айналымының 89,5 пайызы Ұлттық банк жүйелері арқылы өңделеді, ал қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 85,8 пайыздан асады. Бұл көрсеткіш цифрлық технологиялардың қаржы саласына енуінің жоғары деңгейін және елдің заманауи шешімдерді енгізуге дайындығын көрсетеді.