Қолөнер ата-бабадан мирас, ұрпаққа аманат – шебер

шебер
Фото: Бақытгүл Айдарханқызының жеке мұрағатынан / Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік шебер Бақытгүл Айдарханқызы ата-әжесінен дарыған, жылдар өте келе өз табандылығымен меңгеріп алған түрлі бұйым жасау технологиясын қазір немерелеріне де үйретіп жүр. Ол соңғы жылдары ұлттық бұйымдарға сұраныс артқанын, мұның заңдылық екенін айтып берді.

Бақытгүл Айдарханқызы Ақтөбе облысы бұрынғы Қарабұтақ ауданы Шіліктісай ауылында дүниеге келген. Кейін ата-анасының қызметі ауысып, сол аудандағы Амангелді ауылына көшіп барды. Мұнда бастауыш мектеп болған соң ол бауырларымен бірге әжесенің қолында өсті. Сөйтіп Амангелді ауылынан Бөгетсайға қоныс аударып, әже жанында шұлық пен қолғап, баскиім мен түрлі киім тоқуды үйренеді. Оқушы күнінен белсенді болған шебер мектептегі әрбір мәдени, танымдық кештің жұлдызы болды. Түрлі аспапта ойнады, ән де айтты, би биледі. Тоқу, тігуді жаны қалаған Бақытгүл Айдарханқызы мұны хоббиім деп ұғып, өзі Алматы мемлекеттік медцина институтының фармацевтика факультетіне түсті. Алты жыл бойы оқып, онда да өз шеберлігімен көпті тәнті етті.

- Студент кезде тігін машинасын сатып алдым. Дүкеннен киім алмай, бәрін тігіп кидім. Ол кезде тоқуды да жақсы меңгеріп алдым. Жанымдағы қыздарға да белдемше, түрлі киім тігіп, қалауын жасап бердім. Бұл менің қанымда бар өнер деп білемін. Атам шебер, әрі ақын, ерекше жан болған. Біздің бойымыздағы асыл қасиет сол кісіден қалған мирас секілді. Бір өкініштісі, ол соғыстан оралмады. Тіпті жерленген жерін де білмейміз. Қаншама дереккөзден іздеп көргенімізбен, ізін жоғалтып алдық, - деді ол.

Сөмке
Фото: Бақытгүл Айдарханқызының жеке мұрағатынан

Екі баланың анасы қазір бар білгенін, ойға түйгенін немерелеріне де үйретіп жүр. Балабақша, мектептегі сурет салу, түрлі бұйым жасау секілді тапсырманы бірігіп орындап, кейде жүлдеге де қол жеткізеді.

- Өзім ұзақ жылдар бойы дәріханада фармацевт болып жұмыс істедім. Қай кезде де мен іс тігуді, тоқуды тоқтатқан емеспін. Таршылық көргенде, яғни, 90-жылдары жолдасыма, екі балама түрлі киімді тігіп бердім. Қатты қызыққаным соншалық, журнал бетінен көрген дүниелерді қиып алып, сақтап қоятынмын. Кейін соны қайталап, өзгеше дүние жасап шығатын едім. Кейде журналды Мәскеуден тапсырыспен алдырып, қараймын. Онда бисер тоқу да болды. Сол кездері ол маған қолжетпес арман еді. «Бисер тоқи білетін адамда арман жоқ шығар, олар қандай бақытты» деп ойлайтын едім. Ал қазір бәрі дайын. Интернет арқылы оны тоқу жолын өзім меңгеріп алдым, ал бисер базарда толып тұр. Мен сол мүмкіндікті пайдаланып, жаңа дүниелер жасай бастадым. Қазір адамдар оған да тапсырыс береді, - деді Бақытгүл Айдарханқызы.

Қолөнер
Фото: Бақытгүл Айдарханқызының жеке мұрағатынан

Шебер соңғы жылдарды ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарына сұраныс айтқанын айтып берді. Оюлы сырға, алқа, білезік қыз-келіншек сәні. Оған камзол мен ер адамдардың шапанын тағы қосыңыз. Бірінен бірі көріп, қызығып, өз үйінде отырып, жаны қалаған ісімен айналысатын Бақытгүл Айдарханқызына тапсырыс береді. Сыммен, ілмектеп тоқып, қылдай жітпе моншақ тізетін ол әлі де болса тың дүниелерді меңгеріп алмас дегенін арманын айтып қалды. Енді тәж тарағын жасау үшін металл балқыту ойда бар.

- Қазір жаға тоқуға бес тапсырыс алдым. Соған қызығады адамдар. Түрлі киімге де тапсырыс берді. Бірақ бәріне бірдей уақыт таппаймын. Мен әжемін, немерелеріне тәлім-тәрбие беремін. Кейде содан да уақыт таппай қаламын. Негізі қанымда бар шығар өнерге деген құштарлық. Бар жан-тәніммен жақсы көремін, тоқу, тігу десе ішер асымды ұмытамын. Қазір жасым 60-тан асты. Осы кезде металл балқытып, тәж, алқа жасағым келіп жүр. Жасым үлкейіп келе жатқанымен, бұл еш кедергі емес. Себебі қолөнер рахат сезім береді. Кішкене дүние жасасам да тау қопарып тастағандай боламын. Әртүрлі техникамен жасаған кезде, дайын дүниеме қарап, бақытқа кенелемін. Бұл кез келгеннің қолынан келмейді. Оған табандылық, шыдамдылық керек қой. Шыдамсыз болсаң, соңына дейін жеткізе алмайсың. Өзім адамдардың тапсырысын орындасам, дегеніндей болса екен деп тілеймін. Ризашылығын білдіргенше тағат таппаймын. Ал жақсы пікір айтып, алғысын білдірсе, иықтан ауыр жүк түседі. Қолөнер ата-бабадан мирас, ұрпаққа аманат деп білемін өзім, - деді шебер.

Киім
Фото: Бақытгүл Айдарханқызының жеке мұрағатынан

Бақытгүл Айдарханқызы еңбектің бағаланғаны адамға жігер беретінін жасырмайды. Тек ақша емес, жан тыныштығын бірінші орынға қояды. Себебі ол жан дүниесін, жүйкені жақсырту үшін қолөнермен айналысады.

шебер
Фото: Бақытгүл Айдарханқызының жеке мұрағатынан
шебер
Фото: Бақытгүл Айдарханқызының жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтар
telegram