Қолөнер шеберлеріне мемлекет тарапынан қолдау керек - маңғыстаулық жас зергер

«Мен 1995 жылы Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Бейнеу ауылында дүниеге келдім. Ауылдағы мектептен білім алып, сол жердегі Қ. Бақтыбайұлы атындағы бейнелеу өнері мектебінің көркемсурет бөлімін бітіріп шықтым. Мектеп бітірген соң Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының «сәндік қолданбалы өнер» кафедрасының металдық көркемдеу мамандығына оқуға түстім. Негізі зергерлік өнер әкемнен бастау алады, әкем осы іспен 40 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Ал анам - белгілі филолог. Зергерлік өнер әкемнің негізгі кәсібі болғандықтан, мен де бұл салаға бала күнімнен жақын болыппын. Ата-анамның айтуынша, кішкентайымнан әкемнің шеберханасына барып, сурет салып, бұйымдарды жасау барысына қызығушылық танытыппын», - деді Төремұрат Өмір.
Жас зергердің айтуынша, арғы атасы да қолөнер шебері болған. Және олардың отбасы үшін зергер болу - әкеден балаға беріліп келе жатқан мұра.
«Жалпы Кеңес үкіметі кезінде қазақтың зергерлік өнері біраз қиындыққа ұшыраған. Себебі билік қолөнердің бұл түрін дамытуға тыйым салған. Ал тыйымға қарамай зергерлікпен айналысқандардың көзін құртып отырған. Тәуелсіздік алғалы ұлттық өнерімізді қайта жандандыра бастадық. Өз басым зергерлікті 2014 жылы қолға алып, ал кәсіби түрде 2016 жылдан бастап айналысып келемін. Бүгінде бұйымдардың барлық түрін жасаймын. Яғни, сақина, білезік, сырға, шашпау, шолпы, жүзік және тағы басқа. Сондай-ақ, ер-тұрманмен бірге тұрмыс заттарын да жасаймын. Тапсырыс түссе жоғары деңгейде, ұлттық нақышта жасап шығарамыз», - дейді ол.
Сондай-ақ, шебер зергер мамандығын таңдайтын бүгінгі жастарға қатысты пікірін ортаға салды.
«Елімізде қолөнерге баулитын жоғарғы және орта арнауы оқу орындары баршылық. Оны бітіріп шығып жатқандар да жеткілікті, бірақ оның бәрі зергер болып кетпейді. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, зергерлікпен айналысу үшін арнайы құрал-жабдық қажет, ол тапшы және қымбат. Екіншіден, бұл салаға мемлекеттік тұрғыдан жағдай, қолдау жасалмаған. Зергерлік мамандығын меңгерсең, жалпы мектепте немесе қолөнер мектебінде мұғалім ғана бола аласың. Сосын музей қызметкері бола аласың. Ал зергерлік көбісі өз кәсібін ашып, ісін дөңгелеткісі келеді. Бірақ, жеке кәсіпті жүргізу бәріне бірдей бұйыра бермейді. Жалпы өзімнің сала маманы ретінде болжауымша алдағы 10 жыл ішінде елімізде зергерлердің қатары көбейе түседі», - дейді жас зергер.
Оның айтуынша, бүгінде зергерлік бұйымдарды жасаумен қатар, оны сата білу де - өнер.
«Қазір бұрынғыдай базарда отырып сата алмайсың. Бүгінде заман басқа, сұраныс пен талап та басқа. Жасаған еңбегіңді сата білу - ол да өнер. Жалпы зергерлік бұйымдарға сұраныс бар. Зергерлікпен күн көрген адам бірден табысқа жетеді деп айта алмаймын. Әсіресе алғашқы 5 жыл - сынақ мерзімі. Түрлі қиындыққа тап боласың, сол кедергілерге төтеп бере алсаңыз, әрі қарай алып кетуге болады. Зергер ретінде менің арманым, ұсынысым - қолөнер шеберлеріне мемлекет тарапынан қолдау болса. Сосын саланы дамытып, түрлі зергерлердің басын қосатын шығармашылық байқаулар ұйымдастырылса деймін. Жас зергерлерге қолдау көрсетілсе, олардың жұмысы насихатталса, сонымен қатар еңбегі сіңген зергерлерге атақ-дәреже берілсе., бұл сала біршама дамитын еді. Себебі зергерлік өнер - қазақтың ұлттық имиджі. Мысалы, спортшыларға «спорт шебері» деген дәреже беріледі ғой, сол сияқты қолөнердің де өз шеберлері болуы керек. Өйткені зергерлер - ата-бабадан қалған ұлттық мұраны сақтаушы жандар», - деді қолөнер шебері.