Көлсайда 15 млрд теңгеге 6 км аспалы жол салынады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының ең көрікті орындарының бірінде аспалы жол салынады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Кеген ауданының әкімі Таңат Айдарбеков айтты.

Көлсай
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Оның сөзінше, Көлсай көлдері ұлттық табиғи паркіне биыл 497 341 турист келген. 2025 жылдың 12 айында мұнда 600 026 турист аялдаған болатын. Ал аудандағы Кеген өткізу бекетінен Қырғыз Республикасына 2026 жылдың басынан 164 800 адам өткен.

Брифингте Таңат Айдарбеков Көлсайдағы екі көлді жалғайтын аспалы жол салынғалы жатқанын атап өтті. Жобамен «Строй Индустрия» ЖШС айналыспақ.

Таңат Айдарбеков
Фото: Алматы облысы ӨКҚ

— Компания бірінші және екінші Көлсай көлдерін жалғайтын, жалпы ұзындығы 6,3 шақырым болатын аспалы жол салуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы инвестициялық құны — 15 млрд теңге. 90 жаңа жұмыс орыны ашылады. Қазіргі уақытта жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін қажетті құжаттар дайындалып жатыр, — деді аудан әкімі.

Көлсайдағы аспалы жол екі бөліктен құралатын болады: бірінші бөлігінің ұзындығы — 3,5 шақырым, екінші бөлігінің ұзындығы — 2,8 шақырым. Бүгінде жобалау жұмыстары барысында 43 тірек бағанасын орнату орындары белгіленген.

Сонымен қатар Көлсай мен Қайыңдыға келетін демалушылардың ыңғайлығы үшін Саты ауылындағы 1,5 гектар аумақта автотұрақ салынған. Жоба бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылды, оған 394,3 млн теңге жұмсалды. Таңат Айдарбеков қазір автотұрақты 3 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру жоспарланып отырғанын айтты.

Еске салайық, бұған дейін Қайыңды көліне апаратын жаңа жол қолданысқа берілгенін жазғанбыз.

Кеген ауданының әкімі ұзындығы 10 шақырым болатын аудандық маңызы бар автожолды күрделі жөндеуге 2,43 млрд теңге жұмсалғанын атап өтті.