Колумбия Эль-Ниньо құбылысы басталғанын растады

АСТАНА. KAZINFORM — Колумбия үкіметі Эль-Ниньо климаттық құбылысының басталғанын ресми түрде жариялады. Бұл құбылыс, әсіресе, Анд таулары, Тынық мұхиты жағалауы және Кариб алабы өңірлерінде жауын-шашын мөлшерінің азаюына әкелуі мүмкін, деп жазады Анадолы.

Колумбия Эль-Ниньо құбылысы басталғанын растады
Фото: Анадолы

Колумбияның Гидрология, метеорология және қоршаған ортаны зерттеу институтының (Ideam) директоры Андрес Херкрат Санселементе Боготадағы Каса-де-Нариньо президент сарайында мәлімдеме жасап, Эль-Ниньоның климатқа ықтимал әсеріне дайындық шаралары туралы айтты.

Оның сөзінше, елдің бірқатар өңірінде жауын-шашынның азаюына себеп болуы мүмкін климаттық құбылыс басталып кеткен.

— Бүгінде Колумбияда Эль-Ниньо құбылысының басталғанын ресми жариялауға қажетті техникалық шарттар қалыптасты, — деді Санселементе.

Ол бұл климаттық құбылыстың кемінде 2027 жылдың наурызына дейін сақталу ықтималдығы 83 пайыз екенін атап өтті.

Сонымен қатар Санселементе Эль-Ниньо жаңбыр мүлде жаумайды дегенді білдірмейтінін ескертті. Болжам бойынша қазан және қараша айларында жауын-шашын мөлшері маусымдық нормадан төмен болады. Ал ең жоғары тапшылық желтоқсанда күтіледі.

Колумбияның Табиғи апаттар қаупін басқару жөніндегі ұлттық бөлімінің (UNGRD) директоры Давид Тамайо дайындық шараларының орындалуын бақылау және ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін түрлі мекемелер арасындағы ақпарат алмасуды үйлестіру міндеті ведомствоға жүктелетінін хабарлады.

Энергетика саласындағы қауіптер

Колумбияның Тау-кен өнеркәсібі және энергетика министрі Мария Ноэми Арболеда электрмен жабдықтауда үзілістер болу қаупін азайтуға бағытталған төрт бағыттан тұратын шұғыл шаралар жоспарын жариялады.

Оның айтуынша, жоспар энергияны үнемдеу, отын мен газ жеткізуді қамтамасыз ету, жылу электр станцияларының жұмысын ұйымдастыру және қолда бар электр өндіру қуаттарын тиімді пайдалану шараларын қамтиды. Арболеда азаматтардың да электр энергиясын үнемдеуге жауапкершілікпен қарауы керектігін атап өтті.

Министр электр энергиясын тұтынуды белгіленген межемен салыстырғанда 10 пайыздан астам қысқартқан тұтынушыларға ынталандыру шараларын ұсыну жоспарланып отырғанын айтты. Бұдан бөлек, су қоймаларындағы су қорын сақтау шаралары да қарастырылған.

Арболеданың мәлімдеуінше, электр энергиясының ықтимал үзілуіне жол бермеуге бағытталған қажетті шаралар 31 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.

Ал Қоршаған орта министрі Фабио Архона өңірлерге су ресурстары мен экожүйелерді қорғау, орман өрттерінің алдын алу және климаттық құбылыстың ауыл шаруашылығы өндірісіне кері әсерін азайту бағытында қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Бұған дейін Эль-Ниньо 2027 жылға дейін жалғасуы мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз. Қазіргі Эль-Ниньо тарихтағы ең күшті құбылыстардың біріне айналуы мүмкін.