Колумбия президенттігіне кандидат қастандық салдарынан көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM — Колумбия президенттігіне кандидат Мигель Урибе Турбай сайлауалды митинг кезінде басынан оқ жарақатын алып, ауруханада көз жұмды. Бұл туралы оның жары Мария Клаудия Тарасона Instagram желісінде хабарлады.

— Жаным, мәңгі тыныштықта бол. Балаларымызға мен қараймын, — деп жазды ол.
Урибе ауруханада екі ай бойы емделіп, бірнеше рет ота жасалды. Алайда кеше оның жағдайы нашарлап кеткен.
Оппозициялық консервативтік «Демократиялық орталық» партиясының мүшесіне қастандық маусым айының басында қоғамдық саябақта өткен сайлауалды іс-шара кезінде жасалды. Оған бірнеше рет оқ атылып, екеуі басына тиген.
Шабуылдан кейін 15 жастағы жасөспірім ұсталды. Сонымен қатар, істі тергеу барысында тағы үш адам қамауға алынды.
2022 жылдан бері саясаткер «Демократиялық орталық» партиясынан Колумбия Сенатының мүшесі болған. Ол 2026 жылғы президенттік сайлауға қатысуға ниетті еді.