Колумбиядағы көшкін салдарынан мерт болғандар саны 22 адамға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — 24 маусымда Колумбияның Медельин қаласында қатты жауын-шашыннан кейін болған көшкін салдарынан қаза тапқандар саны 22 адамға жетті, деп жазады Анадолы.

Тағы 8 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Антьокия департаменті губернаторы әкімшілігінің мәліметінше, жаңбырдан кейін көшкін жүрген Бельо мен Альтос-де-Ориенте аудандарынан жаңа мәйіттер табылған.
Мәлімдемеде құтқару жұмыстары 390-нан астам маманның қатысуымен жалғасып жатқаны атап өтілген. Құтқарушылар үйінді астында қалғандарды шығару үшін бар күшін салып жатыр.
Сондай-ақ, бұл аудандағы көптеген үй опырылу қаупі жоғары беткейлерде салынғандықтан, аса қауіпті аймақта орналасқаны айтылған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қатты және толассыз жауған жаңбыр мен өзендердің жоғарғы ағысынан келген су көлемінің артуы салдарынан Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясының екі уезінде күшті су тасқыны болды. Табиғи апат салдарынан алты адам қаза тапты.