Колумбиядағы ұшақ апаты: 3 бала мен нәресте екі аптадан соң табылды

АСТАНА.ҚазАқпарат – Колумбияның оңтүстігінде болған ұшақ апатынан екі апта өткен соң төрт бала тірі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат The Guardian-ге сілтеме жасап.
None
Фото: theguardian.com

Балаларды Какета провинциясының қалың орманынан әскерилер, өрт сөндіру және азаматтық авиация өкілдерінен жасақталған құтқару тобы тапты.

1 мамыр күні таңертең Араракуарадан Сан-Хосе-дель-Гуавьяреге бағыт алған «Cessna 206» ұшағы қозғалтқыштың істен шығуына байланысты апаттық дабыл жариялаған. Ұшақта жеті адам болған.

«Әскерилердің ыждағатты іздестіру шараларынан кейін Гуавьярдегі ұшақ апатында жоғалған төрт баланы аман таптық. Бұл бүкіл ел үшін қуаныш», - деп жазды ел Президенті Густаво Петр сәрсенбі күні Twitter-дегі парақшасында.

Өкінішке орай, апат салдарынан ұшқыш пен тағы үш ересек адам қаза тапты. Олардың мәйіті әуе кемесінің ішінен табылды. 13, 9 және 4 жастағы үш бала мен 11 айлық нәресте аман қалды.

Құтқару жұмысын үйлестірген азаматтық авиация басқармасынан алынған алдын ала ақпаратқа сәйкес, балалар ұшақтан шығып, көмек іздеуге аттанған.

Құтқарушы иттердің көмегімен орманда балалар жеген жеміс қалдығы, өсімдіктерден қорғаныш үшін жасалған күркелер табылды. Құтқару жұмысына әскерилермен қатар, Колумбия әуе күштерінің бірнеше ұшағы мен тікұшағы жұмылдырылды.


Соңғы жаңалықтар