Қолжазбалар мұрасы цифрлық форматта қолжетімді бола бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық кітап күніне орай Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Шетелдік қорлардағы құнды жазба мұралар» каталог-альбомының II томының таныстырылымы өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті. 

Қолжазбалар мұрасы цифрлық форматта қолжетімді бола бастады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

— Жинақта қазақ, араб, парсы, шағатай және түркі тілдеріндегі 72 қолжазба мен сирек басылымның библиографиялық сипаттамасы берілген. Материалдар ғылыми археографиялық экспедициялар мен шетелдік қорларда жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жинақталған, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. 

Қолжазбалар мұрасы цифрлық форматта қолжетімді бола бастады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бұған қоса «Ұлы даланың жазба мұралары» атты тұрақты экспозицияның виртуал нұсқасы таныстырылды. Экспозиция шамамен 50-ге жуық көшірмені қамтып, Түрік қағанаты, Қарахан мемлекеті, Алтын Орда және Қазақ хандығы кезеңдеріне арналған төрт бөлімнен тұрады.

Қолжазбалар мұрасы цифрлық форматта қолжетімді бола бастады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жоба заманауи технологиялар негізінде әзірленген. Платформада QR-кодтар арқылы сирек қолжазбалар мен басылымдар туралы мәлімет алып, тарихи мұрамен танысуға болады.

Айта кетейік, бүгін елордада әдебиет пен баспа ісінің үздіктері марапатталды.

Соңғы жаңалықтар