Қолжетімді баспананың кезекті жаңа бағдарламасы Үкіметке тапсырылмақ - Апталық шолу
![None None](/static/img/plug.webp)
Ал министр Үкіметбасының мәліметін растап шықты. Шынымен жыл басынан 198 адам суға батып кеткен, 82-сі балалар. Дегенмен, министр бұл көрсеткіштің былтырға қарағанда жағымды екенін меңзеді. «Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 265 адам суға кеткен еді. Яғни, төмендеу бар. Шаралар қабылданып жатыр. Бізде 50 мың су қоймасы бар. Оның тек 125-сі ғана жабдықталған, онда біздің құтқарушыларымыз тұр», - деді министр. Қ. Қасымовтың сөзіне қарағанда, жергілікті әкімдіктер қайғылы жайттардың алдын алуға бағытталған шараларды қолға алып жатыр, суға түсетін аумақтар барынша жабдықталып, меншік иелеріне міндетті құтқару бекеттерін орнату жұмыстары жүктелген.
«Ақмола облысында өте жақсы тәжірибе бар. Бұл өңірде 6 құтқару бекеті орнатылған. Бірақ, халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы әкімдіктер қосымша 25 құтқару бекетін орнатады. Осы Ақмола облысында суға кеткендердің саны ең төмен болып отыр. Дәл осындай жайт Ақтөбе облысында да орын алған. Ал қалған облыстар тиісті шараларды қабылдаулары қажет», - деді Қ.Қасымов.
Үкіметбасы назар аударған екінші мәселе - әуежайдағы қауіпсіздік. «Баршамыз Түркия әуежайында теракт болғанын білеміз. Бұл мәселеге баса мән бере қараудамыз. Жеңіс Махмұтұлы, сіздің ұстанымыңызды білгім келеді», - деді Премьер Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке қарата. Министр де мәселенің айрықша бақылауда екенін алға тартты. «Біз барлық әуежайларға күнделікті бақылау жүргізуге нұсқау бердік, ондағы тексеру желісін толығымен күшейтуді тапсырдық. Қазір барлық әуежайларда бастапқы тексеру желісі бар. Әуежайлардың бүкіл төңірегіндегі қауіпсіздік шараларын Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып күшейттік. Бұған қоса, күш-қуат органдарымен бірнеше кеңес өткізіп, тұрақты рейстер қабылдайтын 20 әуежайдың қосымша тексеру, бейнебақылау құрылғыларына қажеттілігін анықтадық. Бұл ұсынысты Қаржы министрлігіне жібердік. Апта ішінде бұл ұсынысты сіздің қарауыңызға енгіземіз деп жоспарлаудамыз», - деді Ж.Қасымбек.
Осы екі мәселеге қаныққан Үкімет басшысы ары қарай күн тәртібіне көшті. Онда Елбасының 2016 жылғы 1 шілдедегі Индустрияландыру күнінде берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәселелер, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты маңызды мәселелер туралы сөз болды.
Қалалы жерлерде мемлекет тарапынан берілетін шағын несие тетігі дамитын болады
Өткен аптадағы Индустрияландыру күнінде Елбасы Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Атап айтқанда, өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту, банк секторының мүмкіндіктерін белсенді пайдалану, ауылдық кооперацияны ынталандыру, суландыру және суару жүйесін дамыту, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, индустриялық-инновациялық жобаларды қаржыландыру секілді бағытта Үкімет тың тетіктерді іске қосуы тиіс. Бұл ретте бюджет қаражатынан бөлек, екінші деңгейлі банктердің мүмкіндіктерін пайдалану, старттық капиталды алуды жеңілдету, микрокредиттеуді кеңейту ұсынылған. Ұлттық экономика министрі ретімен осы бағыттың әрқайсысы бойынша атқарылатын шараларды тізбектеп, жоспарын да жайып салды.
«Кәсіпкерлік қызметті микрокредитпен қамтамасыз етуге келсек, қазіргі уақытта барлық көздерден 120,2 млрд. теңге сомасына 556 мың шағын несие беріледі. Оның ішінде кәсіпкерлік мақсаттарға 64,6 млрд. теңге сомасында 138 мың шағын несие берілді. Бұл ретте, жеке сектордағы микроқаржы ұйымдарының кредит портфелдерінің 98,3%-ы қалаларда шоғырландырылған, ауылдық мекендердің үлесі бар жоғы 1,7% құрайды», - дейді Ұлттық экономика министрі.
Оның айтуынша, ауылдық жерлерде шағын несиені мемлекеттік қолдау «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020», «Бизнестің жол картасы 2020», «Агробизнес 2020» бағдарламалары шеңберінде ұсынылады. Яғни, мемлекеттік шағын несиелер негізінен ауылдық жерлерде шоғырланған, қалаларда берілмейді. Елбасының тапсырмасын орындауға қатысты министр қаладағы шағын несие мәселесін қайта қарауды ұсынады.
«Атап айтқанда, еңбек ресурстары артық, ауылды жерлерден жастар көбірек ағылатын қалаларда шағын несие беруді дамыту керек. Осы арқылы қалаға келген жастар жұмыссыздар қатарын арттырмай, кәсіпкерлікті дамытуға да мүмкіндік алулары тиіс. Екіншіден, екінші деңгейлі банктер инфрақұрылымын және шағын несие ұйымдарын кредиттік қаражаттарын шартты түрде орналастыру арқылы іске қосуға тиіспіз. Үшіншіден, «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында ауылда шағын несие операторын нақтылауға тиіспіз», - деді министр. Оның пайымынша, бұқаралық кәсіпкерлікпен айналысуды дамыту үшін қалалы жерлерде шағын несие беру маңызды рөл атқарады. «Мен айтып өткенімдей, қазір мемлекет тарапынан қалалық жерлерде ешқандай да шағын несие беру қарастырылмаған. Осыған байланысты қалалы жерлерде шағын несие беруді жыл сайын 50 млрд. теңгеге дейін арттыруды ұсынамыз. Бұдан бөлек, 8 млрд. теңге қаражатты кепілдендіру бағдарламасы жүйесі арқылы ұсынған орынды. Бұның бәрі әлі де тыңғылықты зерделеуді талап ететінін ескерте кеткім келеді», - деді Ұлттық экономика министрі. Оның сөзіне қарағанда, бұл шара негізінен қалалы жерлерде жаңа іс бастайтын кәсіпкерлер үшін ондаған мың бизнес-жобаларды жүзеге асыруға қолдау болмақ.
Әлеуметтік әлсіз топ үшін қолжетімді баспананың жалға беру тетігі қайта қаралады
Елбасы тапсырған екінші маңызды мәселе халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Президент Н.Назарбаев Индустрияландыру күнінде Үкіметке тұрғын үй мәселелерін түбегейлі шешуді тапсырып, сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспана және баспана құрылыс тетіктері арқылы 15 жыл ішінде 1,5 млн. пәтер салуды тапсырған болатын. «Осы тапсырманы орындау мақсатында тұрғын үй салу бойынша бірыңғай оператор ретінде сатып алу құқығынсыз тұрын үй құрылысына «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ және кредиттік тұрғын үйді сатып алу үшін «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» еншілес ұйымдарымен «Бәйтерек» холдингін бекіту ұсынылады. Сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспана халықтың әлуметтік-әлсіз бөлігіне, сонымен қоса жұмыс күшінің қозғалысын жоғарылату үшін ұсынылатын болады. Осыған байланысты 10 ақпанда «Бәйтерек» холдингі сатып алу арқылы жалдамалы баспана құрылысын бастады және мұндай баспана құрылысына 20 жыл ішінде қайтару негізде Ұлттық қордан қаражат бөлінген. Басталған құрылыстың нысаналы бағытын сатып алу құқығынсыз баспана құрылысына өзгерту және оның қайтарымдылық мерзімінің ұзақтығын ескере отырып, бөлінген қаражаттың қайтарымдылық мерзімін 60 жылға дейін белгілеу ұсынылады», - деді министр Қуандық Бишімбаев. Оның айтуына қарағанда, жалға берілетін тұрғын үй құрылысы баспанаға мұқтаждарды тұрғын үй құрылысы жинақтау құралдарын қолдануға ынталандыратын болады. Ал тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесін дамыту азаматтарға баспана үшін алдын ала жинақсыз қарыз алуға мүмкіндік береді. Сонымен қоса, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу арқылы жеке тұрғын үй құрылысын қолдау одан әрі жалғасады. Сөз соңында министр Бишімбаев тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасы әзірленіп жатқанын, оның Үкімет қарауына 19 шілдеде ұсынылатынын да жеткізді.
Елімізде орны белгіленбеген 700-ден астам сібір жарасы пункті бар
Үкімет отырысында талқыға түскен тағы бір өзекті мәселе -ветеринария саласындағы қауіпсіздік. Бұл мәселе бойынша ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева Қазақстандағы ахуалды баяндап, оған өңір әкімдері де өз тарапынан атқарылып жатқан шаралар туралы Үкіметбасына түсінік берген еді. Айта кетерлігі, өткен жолы Қарағанды облысында сібір жарасына қатысты факт тіркеліп, қайғылы қазаларға ұшыраған сол оқиға жұртты біраз дүрліктірген. Вице-министр сібір жарасы төңірегінде орын алған жайт ет экспортына еш кедергі келтірмегенін, халықаралық сауда талаптарына сәйкес аусыл, классикалық шошқа обасы сынды аса қауіпті алты ауру түрлерінде ғана эпизоотикалық жағдай ескерілетінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қарағанды облысындағы сібір жарасына қатысты оқиғаны тергеудің нәтижесінде ветеринарлық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесінің қызметкері Түсіпов жазаланған. Қарағанды облысы Шет ауданының басшысы жұмысынан босатылып, облыстық ветеринарлық бақылау комитеті инспекциясының жетекшісі Мұхтаров сөгіс алыпты. Дегенмен, Г. Исаева осы тақырыпты қаузай отырып, тағы бірді-екілі проблеманың бетін ашты. «Республикада сібір жарасы бойынша стационарлық қолайсыз пункттер кадастрына сәйкес 2604 пункт бар. Оның 1890-ының нақты орны белгіленген. Орны белгіленбеген 714 пункт бар. Негізінен олар сібір жарасы бойынша 50-70 жыл бұрынғы пункттер. Біз олардың қандай ауылды округте орналасқанын білеміз. Оларда жыл сайын топырақтан сібір жарасына зерттеу жүргізіледі. Бұл елді мекендерде сібір жарасына шалдығудың жаңа деректері анықталған емес», - деді Г. Исаева. Сонымен қатар вице-министр өткен жылы Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институты 601 рет зерттеуге шығып, соның нәтижесінде 32 пункттің нақты орнын анықтағанын еске салды. «Егер нақты орны анықталған 1890 пункттің жай-күйіне тоқталар болсақ, оның 702-сінің қоршауы немесе айырым белгісі жоқ. Мәселен, мұндай пункттер Павлодар облысында - 86, Батыс Қазақстан облысында - 84», - деді Г.Исаева. Осы ретте ол жергілікті әкімдіктер мұндай қорымдардың жай-күйін тиісті деңгейде ұстап тұру бағытындағы жұмыстарды жүргізуге міндетті екендігін еске салды. Ал бұл мақсаттарға 1,6 млрд. теңге қажет.
Талқылаумен қатар, өңірлердегі ахуалға кезек-кезек үңіліп, облыс әкімдерін тыңдаған соң Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов орынбасарларына әр мәселеге қатысты нақты-нақты тапсырмалар жүктеді.