Қолжүгіңізді ашып көрсетіңізші: Ұшаққа өзіңізбен бірге не алып кіруге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әуежайдағы қауіпсіздік. Талай шытырман оқиғалы фильмге арқау болған тақырып бұл. Сол кинодағы шытырман оқиғалардың өмірде қайталанбауына жауаптылардың бірі – тексеру қызметінің өкілдері. ҚазАқпарат тілшілері елордадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайындағы тексеру қызметінің жұмысын көзбен көріп қайтты.

«Қолжүгіңізді ашып көрсетіңізші». Ұшақпен жиі қатынайтын адам болсаңыз, бұл сөз сізге таныс болуы керек.

Әуежайдағы тексеру қызметінің мамандары арнайы жабдықталған экран арқылы өткен қол жүгіңізден түсініксіз зат көрсе, сізге міндетті түрде осындай өтініш айтады.

Мұның бәрі ең әуелі өз қауіпсіздігіңіз үшін жасалып жатқанын білетіндіктен, айтқанын істейсіз.

Кез келген әуежайдың жұмысын осы адамдарсыз елестету мүмкін емес. Бұлардың қауіпсіздік қызметінен басты айырмашылығы – қолдарына металл іздегіштен басқа «қару» ұстамайды.

Кемедегінің жаны бір деген қисынға салсақ, ұшаққа сізбен бірге отырған жүзден астам адамның ішінде ойы бұзық қаскөйдің болмауы осы адамдардың қырағылығына байланысты.

Әуе көлігіне жолаушылармен бірге ілесіп кіруі мүмкін қауіптің бәрін сүзіп қалатындықтан бұл буынның жұмысы әуе қатынасы үшін өте маңызды.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы да қызметтің осы буынына ерекше көңіл бөлетінін байқадық.

Бір ауысымда әуежай бойынша 95 тексеруші инспектор жұмысқа шығады екен.

Былтырдан бері беті қайтпай тұрған пандемия бұларды да тәуекел аймағындағылардың қатарына қосты. Өйткені барыс-келіс көп жерде індет жұқтыру қаупі де жоғары.

Бізді жұмыс барысымен тексеру бөлімінің ауысым жетекшісі Ақмарал Аринова таныстырды. Осы салада еңбек етіп жүргеніне 15 жыл болыпты.

«Таңғы 8.00-де жұмысқа шығып, ертеңінде тура сол уақытта ғана қайтамыз», - деп бастады әңгімесін.

Жұмыстың қалай ұйымдастырылатынын көрсету үшін асай-мүсейін арқалаған тілшілерді «таза аумаққа» қарай бастаған.

Ол жерде қауіпсіздік қызметінің инспекторлары біраз бөгеді. Сырттан келген бізді қойып, қызметтік формамен жүрген өз әріптестерін де жіті тексеріп барып, бірақ өткізді.

Сөйтсек, әуежайдағы әр қызметкердің өтуіне болатын аймағы болады екен. Ол туралы мәлімет кеудеге таққан бейджге жазылуы керек.

«Байқаған шығарсыз. Бәріміздің қолымызды резеңке қолғап, бетімізде маска, жанымызда антисептик. Пандемия онсыз да экстремалды жұмысымызды «түрлендіріп тастады» деп күледі тексеру қызметінің инспекторы Ерлан Жақсыбаев.

Әр ауысымда 95 маман шығады дедік қой. Солардың жұмысын ауысым жетекшісі мен 2 аға инспекор үйлестіреді.

Әр ауысым жұмысқа шықпай тұрып, дене температурасын өлшетіп, тұмау мен ЖРВИ-ге тексеріледі.

Күдік байқалғандардарын медицина қызметінің мамандары алып қалып, жан-жақты зерттейді.

Ал медициналық бақылаудан бөгеусіз өткендерге бірнеше маска беріледі. Өйткені оны да уақ-уақ ауыстырып отыру қажет.

«Пандемияға байланысты әлеуметтік ара қашықтықты қатаң сақтайтын болдық. Жүрегіне аппарат қойылған адамдардан басқаның бәрін металл іздегішпен, қол тигізбестен тексереміз», - дейді Ақмара Аринова.

«Таза аумақтан» қарсы беттегі жолаушылардың әрекетін бағып көрдік. Ортамызды арнайы жарықтық, дыбыстық құрылғылармен жабдықталған дәліздер бөліп тұр.

Әуежай персоналы мұны өз тілдерінде «валидатор» дейді.

«Әр валидатордың бойында 3-4 инспектор тұрады, бірі құжатын, қалғандары жолаушының өне бойы мен қолжүгін тексереді. Төртеуі әр 30 минут сайын орын ауыстырып тұруы керек. Өйткені рентген сәулелі экранға ұзақ уақыт үңілу оңай емес. Көз талып, зейін шаршауы мүмкін. Ал тексеру инспекторына шаршауға болмайды Сондықтан жарты сағат сайын ауысып отыру міндетті», - дейді Ерлан Жақсыбаев.

Ақмарал Аринова оның сөзіне бала құндақтаған аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды кезекке телміртпей, айрықша күтіммен тексеретіндерін қосты.

Өздерінің айтуынша, осындай тоқтаусыз ырғақпен тәулігіне 5 мың адамды тексереді екен.

Мыңдаған жолаушының бәрі бірдей болмайтыны түсінікті. Арасында жанжал шығаратыны да, сыпайысы да, әзілқойлары да, алаңғасары да болатын көрінеді.

«Кейде жолаушыларға тура тексеру кезінде дәрігердің көмегі қажет болып қалады. Бір жақсысы, біздің медициналық персонал елгезек. Шымкентке ұшқалы тұрған бір әйелдің жүрек талмасы ұстағаны есімде. Медиктеріміз дереу жетіп, жәрдем жасады. Сіздерді пайдаланып, сол әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Жолаушылардың амандығына олар да үлкен үлес қосып жүр», -дейді ауысым жетекшісі.

Бағалы заттарын ұмыт қалдыратындар мұнда да кездеседі екен. Ондай сәтте инспектор нұсқаулық бойынша дикторлар отырған бөлмеге жүгіреді.

Үлгерсе, диктордың хабарламасы алаңғасар жолаушыны тексеру алаңына қайтарады.

«Ұялы телефонын ұмытатындар көп. Диктордың көмегіне жүгінуге кеш болса, арнайы нөмірге хабарласып, ұмыт болған затты сипаттаймыз. Кейін зат иесімін деп келген адамның құжатын тексеріп барып, содан кейін ғана затын береміз», - дейді әуежай өкілі.

Зат қалдыру дегеннен шығады, кейбір жолаушының қауіпсіздік ережесіне сай келмейтін заттарын инспекторлар алып қалуға құқылы.

Яғни, сіздің жеке гигиенаңызға қажет бұйым әуе кеңістігінде қауіпті зат болып шығуы ғажап емес.

Сонымен, ұшаққа алып кіретін қолжүкке не салуға болмайды?

Жарылғыш заттар мен атылатын қару, суық қару мен радиоактивті зат алмау керектігі айтпаса да түсінікті.

Мұнда да судың сұрауы бар. Нақты айтсақ, қолжүгіңізде гель, иісмай, минералды су сияқты сұйықтық болса, мөлшері 100 миллилитрден аспауы керек.

Ал жұмыс құралыңыз болса, оны негізгі жүкпен бірге «багажға» тапсыруыңыз керек.

«Өзімді қорғауға қажет деп шокер мен көз жасауратқыш баллон алып жүретіндер бар. Бұл заттарды да қолжүкпен бірге алып өте алмайсыз. Ал антисептик зауыттық қаптамада болуы керек. Спирттің құрамы 70 пайыздан аспауы қажет. Одан жоғары болса, биікте ауа қысымы кері реакция туғызуы мүмкін», - деп нақтылады Ақмарал Аринова.

Бір жақсысы қолжүкпен бірге піскен ет алып кіруге тыйым жоқ екен.

«Негізі қолжүкпен бірге не алып кіруге болатынын билеттті онлайн тіркеткен кезде де, кассадан билет сатып алғанда да білуіңізге мүмкіндік бар. Қазақ болған соң етсіз жүре алмаймыз ғой. Піскен етке тыйым жоқ», - дейді Ақмарал.

Ал шикі ет су бөлетіндіктен, оны қолжүкпен алып кіруге болмайды.

«15 жыл бойы осы жерден табан аудармай еңбек еткеніме қарағанда жұмысым өзіме ұнайтын болса керек. Оңай деп айта алмаймын. Жол жүрген адамның көбі шаршап, алаңдап жүреді. Соның бәрін ренжітпей жолға салу, сөйте жүріп қауіпсіздікті қамтамасыз ету қиын-ақ. Бірақ маған жолаушылармен сөйлесу ұнайды. Жұмыс барысында талай қызықтар болды ғой. Соның бәрі өмірімді қызықты естеліктермен байытып жатыр. Жолаушыларға сәт-сапар тілеп жүріп-ақ күніміздің қалай өткенін білмей қалатын кездер болады. Біздегі мамандардың орташа жасы - 30 бен 35-тің арасында. Енді осы жинаған тәжірибенің бәрін соларға беруіміз керек». – деді Ақмарал Аринова бізбен қоштасып тұрып.



Соңғы жаңалықтар